Әйелдердің саясат пен экономикаға қатысуын кеңейту керек – Дариға Назарбаева

8 Қазан 2019, 12:23
1998
Бөлісу:
Әйелдердің саясат пен экономикаға қатысуын кеңейту керек –  Дариға Назарбаева

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенат төрағасы Дариға Назарбаева Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында Nur Otan партиясының облыстық бөлімшесінде азаматтарды қабылдады және аймақтағы қоғамдық ұйым өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.

Сенат төрағасы облыстағы кәсіпкер әйелдерімен кездесуде мемлекеттік басқаруға, республикалық және аймақтық деңгейдегі өкілді органдар жұмысына әйелдердің қатысуын кеңейту қажеттігін көтерді. Дариға Назарбаева кездесуге қатысушыларға отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасының жаңа жобасын талқылау туралы әңгімеледі. Гендерлік теңдік қағидалары – құжаттың негізіне айналып отыр. 

"Біздің міндетіміз – әйелдердің мемлекеттік басқаруға, саясат пен экономикаға қатысуын кеңейту. Мәселе кеңінен талқыланып жатыр. Араб елдеріндегі ахуалмен бірге әлемдік тәжірибеде әйелдердің үкіметке, аймақтарға басшылық етуге және депутаттық корпусқа қатысуын квоталауға дейін әркелкі шешімдер ауқымын көрсетіп отыр", - деп атап өтті Дариға Назарбаева.

Сенат басшысы жастар және еріктілер ұйымдарымен кездесуде Жастар жылы аясында өңірде өткен шаралардың нәтижелерімен, сондай-ақ жастарды қолдау жөніндегі облыстық бағдарламалар мен жобалардың жүзеге асу барысымен танысты. Жастардың еріктілер қызметіне қатысуын ынталандыруға ерекше назар аударылды. Сенат басшысының айтуынша, елдегі еріктілікті ынталандыру мен көтермелеудің нақты тетіктерін заңнамалық тұрғыда бекіту қажет болып отыр.

Дариға Назарбаева Сенат депутаттарымен бірге Әуе қорғанысы күштерінің Т.Бигелдинов атындағы әскери институтында болды. Сенат төрағасы институттың материалдық-техникалық жабдықталуымен танысып, оқытушылар құрамымен кездесті және курсанттармен әңгімелесті. Оқу үдерістерінің материалдық-техникалық жабдықталуы мәселелері және болашақ ұшқыштар мен әуе инженерлерін даярлау сапасы кездесудің негізгі тақырыбы болды.

Сенат төрағасы өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдарының басшыларымен кездесуде еліміздің ақпарат нарығының маңызды мәселелерін талқылады. Дариға Назарбаева аймақтағы дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары мен ғаламтор желісіне жұмыс істейтін жаңа медиа саласының экономикалық жағдайына ерекше назар аударды. Сенат басшысы аймақтағы бұқаралық ақпарат құралдарын еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарын дамытуға арналған салалық бағдарламаны әзірлеуге белсенді қатысуға шақырды.

 


Өзгелердің жаңалығы