Премьер-министр Олжас Бектенов әйелдер қауымын 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Аяулы аналар! Қымбатты арулар! Сіздерді 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Әйел отбасының берекесі ғана емес, ол – барша тіршілік атаулының тірегі. Халқымыз ақ жаулықты аналарымыз бен сүйікті аруларымызды «ақ бесіктің иесі, шаңырақтың киесі» деп әркез аялап өткен. Рухы мықты, білімді, еңбекқор ұлттың болашағы да, бірінші кезекте киелі Ана атымен тікелей байланысты. Бүгінде әйелдер қауымы кемел ұрпақ тәрбиелеп, отбасылық құндылықтарды ұлықтаумен бірге, экономиканың барлық саласының дамуына да елеулі үлес қосып келеді. Ендеше, еңселі елдігімізді тербетіп, жанкешті еңбектің үлгісін көрсетіп отырған аналарымызға тағзым ету біздің бәріміздің қастерлі парызымыз болып қала бермек. Ізгілік пен әсемдіктің береке-бастауы болған осынау шуақты мереке баршаңыздың жүректеріңізге жылу сыйласын. Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға бақыт, еңбектеріңізге толайым табыс тілеймін. Мерекелеріңіз құтты болсын, - деді Үкімет басшысы.