Бұл туралы Үкімет басшысы Олжас Бектенов 6 жылда ел экономикасы қандай нәтижеге қол жеткізгенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қауіпсіздікті қамтамасыз етудің кешенді тәсілі ТЖ қызметтерін дамытуды ғана емес, сонымен қатар "Заң мен Тәртіп" қағидаты шеңберінде қылмысқа қарсы күрес және құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі шараларды күшейтуді де қамтиды. 2019 жылдан бері қылмыс деңгейі 52%-ға, қоғамдық орындарда 60%-ға төмендеді. Азаматтардың, әсіресе әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауды күшейтуге басымдық берілуде, -дейді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу туралы үнемі айтып келеді.
Осы саясат шеңберінде отбасындағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдатуға бағытталған, ұрып-соғуды және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіруді қылмыстық жазаға жатқызуды көздейтін заң қабылданды. Ол бұрын тек әкімшілік нормалармен реттеліп келген болатын,- дейді Олжас Бектенов.
Сонымен қатар ол Мемлекет басшысы жақында ғана өскелең ұрпақты қолдау шараларын жүйеге келтіруге және күшейтуге бағытталған "Қазақстан балалары" атты жаңа біртұтас бағдарламаны ұсынғанын айтты.
Биылғы 14 наурызда өткен Ұлттық құрылтайда Президент біздің еліміз әлеуметтік мемлекет болып табылатынын тағы да атап өтті. Әрі бұл әлеуметтік көрсеткіштердің өсуі бойынша мемлекеттің нақты шараларынан көрініс тауып отыр. Соңғы алты жылда ең төменгі жалақы мөлшері кезең-кезеңімен екі есе, яғни 42 500 теңгеден 85 000 теңгеге дейін ұлғайды. Бұл шамамен 2 миллион азаматтың әл-ауқатына оң әсер етті. 600 мыңға жуық педагогтың жалақысы екі есеге артты, үш жыл ішінде дәрігерлердің жалақысы жыл сайын 30%-ға, орта медициналық персоналдың жалақысы 20%-ға көтерілді, әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы 38 мың қызметкердің жалақысы екі есеге ұлғайтылды. Көпбалалы отбасыларға олардың табысына қарамастан төленетін жәрдемақы енгізілді, бала күтімі бойынша төлемдер бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзартылды. Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлер үшін арнайы төлем енгізілді, - дейді ол.
Сондай-ақ ол 2019 жылдан бастап өмір сүру ұзақтығы 73 жастан 75 жасқа дейін ұлғайғанын тілге тиек еті.
Жалпы өлім-жітім 7,8%-ға, ана өлімі – 26,3%-ға, нәрестелердің шетінеп кету көрсеткіші – 15,8%-ға төмендеді. Бұған профилактиканың тиімділігін арттыру және скринингпен қамту деңгейін кеңейту ықпал етті. 2019 жылдан бастап бүкіл еліміз бойынша 955 денсаулық сақтау нысаны салынды. Олардың ішінде Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық және Ұлттық жедел медициналық үйлестіру орталығы сияқты маңызды мекемелер бар,- деді ол.