Ақтөбе облысында әр салада абыройлы еңбек етіп, биік белестерді бағындырып жүрген қыз-келіншектер көп. Біз мереке қарсаңында осындай бір топ әйел-аналармен тілдескен едік, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Қазақта «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген ғибратты сөз бар. Бұл сөздің астары қыз-келіншектердің ер-азаматтармен қатар ауқымды істерге араласа алатынын, үлкен нәтижелерге қол жеткізетінін аңғартады.
Ақтөбе облысында, міне, осындай қайсар, жан-жақты, алғыр, кәсібіне берілген, білімді де білікті әйелдер көп. Олардың бірі зауытта еңбек етіп жүрсе, енді бірі мемлекеттік қызметте жұмыс жасайды, ал үшіншісі шаруа қожалығын басқарып отыр. Ауыр ой еңбегімен айналысып, халық мен биліктің арасына алтын көпір орнатып отырған әріптестеріміз де жетерлік. Сонымен...
Машинист Гүлзада
Ақтөбе ферроқорытпа зауытының энергетикалық цехында жұмыс істейтін машинист Гүлзада Темірованың осы салада жұмыс істеп жүргеніне 23 жыл болыпты. Өндірістік салада тынбай еңбек етіп жүрген ол бүгінде өз жұмысын ерекше қызығушылықпен атқаратынын айтады.
Ферроқорытпа зауытына осыдан 23 жыл бұрын келген болатынмын. Бұған дейін он жыл бойы осы зауыттың жөндеу-құрылыс цехында еңбек еттім. Ол жерде мен зауыт ғимараттары мен пештерді жөндеу жұмыстарымен айналыстым. Әйелдерден құралған сырлаушылар бригадасы болатын. Соның құрамында жұмыс істедім. Кейін ол цех жабылған соң, энергетикалық цехқа келіп, ауа бөлгіш қондырғының машинисі болдым. Осыдан екі жыл бұрын аталған құрылғының аппаратшысы атандым, осылайша өз жұмысыма деген қызығушылығым да, жауапкершілігім де артты. Пандемия кезінде біздің жұмысымыз екі-үш есеге артып,қаладағы ауруханаларға жеткізілген оттегі тазалығына жауапты болдым. Біздің зауытта тазалығы 99,9 пайыз жоғары, медициналық мақсаттарға жарамды оттегі өндіріледі. Індет кезінде науқастарға оттегі жетпей жатқан кезеңде біздің зауыт емдеу мекемелеріне тәулігіне 800 баллон жеткізіп отырды. Соның арқасында қаншама адамның алғысын алдық, — дейді ол.
Өз сөзінде Гүлзада осы зауытта туған анасы Ақзира Құсайынова да еңбек еткенін атап өтті. Анасының жолын қуған Гүлзада бүгінде әріптестері арасында үздік, сыйлы маман.
Біздің әулетіміздің тарихы осы зауытпен тікелей байланысты. Олай дейтінім, бүгінде үш буыннан құралған біз, анам, мен және қызым «Қазхром» трансұлттық корпорациясы» акционерлік қоғамының Ақтөбе филиалы — Ақтөбе ферроқорытпа зауытында еңбек етіп келеміз. Анам қазір зейнетке шықты. Сонау 1988 жылы осы кәсіпорынға келіп, 2009 жылға дейін әкімшілік-шаруашылық бөлімінде техникалық қызметші болып еңбек етті. Ал қызым Сабина кәсіпорынға аяқ астынан тап болды. Ол да сол қиын кезеңде — пандемия тұсында болды, — дейді ол.
Гүлзаданың айтуынша, қызы Сабина Алматыда еңбек етіп жүрген. Пандемия кезінде қызының амандығын ойлап, қам жеген ол оның Ақтөбеге келуін өтінген. Ата-анасының айтқанын тыңдап, туған жерге оралған жас қыз анасының қасына уақытша жұмысқа тұрыпты. Ақырында осы жерге сіңіп, бүгінде сынақ химия зертханасында жұмыс істеп жүр. Оның басты міндеті — металл құрамының сапасын тексеру.
Біздің өміріміз осы кәсіпорынмен байланысты. Жұмысымыз ауыр болса да, еш қиындыққа қажымастан еңбек етіп келеміз. Ата-анамның берген тәрбиесі мен өнегесінің арқасында мен де бүгінде жас буынға ақыл-кеңес беретін маманға айналдым. Өмірдегі барлық жетістігім үшін анама алғысым шексіз. Алдағы Әйелдер мерекесінде барша аналар мен әжелерді, қыздарымды мерекелерімен құттықтаймын, — дейді Гүлзада.
Айта кету керек, бүгінде Гүлзада отбасында жолдасы екеуі үш бала тәрбиелеп отыр.
Роза — батыр ана
Бүгінде елімізде мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талап та, міндет те ерекше. Дамыған отыз елдің қатарына енуді мақсат еткен Қазақстанның мемлекеттілігін бекітуде мемлекеттік қызметшілерге жүктелетін жауапкершілік жүгі қиын.
Ақтөбе облысы Байғанин ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының салық төлеушілермен жұмыс, салықтық бақылау және өндіріп алу бөлімінің жетекші маманы Роза Қани — осындай зор жауапкершілік арқалап жүрген мамандардың бірі.
Ол Ақтөбе машина жасау колледжінде, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде жоғары білім алған. Алғаш еңбек жолын 1996 жылы Байғанин ауданы бойынша салық комитетінде бастаған. Содан бері салық төлеу саласында ұзақ жылдар бойы үзіліссіз еңбек етіп келеді. 2021 жылдан бері Байғанин ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының салық төлеушілермен жұмыс, салықтық бақылау және өндіріп алу бөлімінің жетекші маманы.
Осы жылдар ішінде өзінің алғырлығымен, білімімен, пысықтығымен, жауапкершілігімен көзге түскен Роза Қаниқызы салық жүйесіндегі жетістіктері үшін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Құрмет грамоталарымен, Байғанин ауданы әкімдігінің Алғыс хаттарымен марапатталған. Роза Қаниқызы 2011 жылы тоғызқұмалақтан «бірінші спорттық разряд» та алыпты. Тек еңбекте ғана емес, спортта да өзгелерден оза шапқан оны әріптестері әрдайым мақтан етеді.
Роза Қани — отбасында 7 бала тәрбиелеп отырған көп балалы ана. Ол 2015 жылы «Күміс алқа», 2018 жылы «Алтын алқа» алған. Жұбайы Жандос Тәжімбаев Байғанин аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде жүргізуші болып жұмыс істейді.
Мемлекеттік қызметте ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келемін. Бұл саланың қыр-сырын игердім десем де болады. Жалпы қазір мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талап жоғары, тәртіп пен жауапкершілік — басты орында. Сондықтан еңбекте өзімді тек жақсы жағынан көрсетуге тырысамын. Менің осы саладағы барлық жетістігім үшін отбасыма алғысым шексіз. Менің барлық байлығым — балаларым, — дейді ол.
Роза Қаниқызының үлкен қызы Әсем бүгінде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің 1-курсында «Аударма ісі» мамандығында оқыса, Назеркесі мектепте білім алып жатыр. Ол «Ұлттық мектеп лига» жоспарына сай өткізілген «Баскетбол» жарысында жүлделі І орынды иеленіп, «Үздік қорғаушы» атағын жеңіп алған. Одан кейінгі балалары Нұрсұлтан мен Нұрасқан (егіздер) 2010 жылы дүниеге келген. Олар дзюдодан жарысқа қатысып, жеңімпаз атанған, сондай-ақ сурет көрмесіне белсене қатысады.
Жансерік Жандосұлы М.Құсайынов атындағы Ақтөбе өңірлік дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернатына қабылданып, бүгінде 5-сыныпта оқып жүр. Ал Мағжан Жандосұлы былтыр Балалар жылы аясында және Қазақстан Республикасының рәміздеріне 30 жыл толу құрметіне орай тоғызқұмалақтан жасөспірімдер арасында аудандық жарыста І орынды, облыс көлемінде өткен тоғызқұмалақ жарысынан ІІ орынды иеленген.
Кенжеміз Інжу 2017 жылы дүниеге келді. Қазір ол Тобық Жармағамбетов атындағы мектепалды даярлық тобында білім алып жүр. Жұмыстан бос уақытымды отбасыма, балаларға арнауға тырысамын. Олардың мектептегі шараларына барып, барынша қолдау білдіремін. Көп балалы ана болу — үлкен бақыт. Сондықтан мереке қарсаңында барша қыз-келіншектерге дәл осындай бақыт тілеймін, — дейді батыр ана.
Айжан — үздік журналист
105 жылдық тарихы бар облыстық «Актюбинский вестник» газетінің бөлім меңгерушісі Айжан Шаукулованың журналистика саласында еңбек еткеніне 20 жылдан асқан. Әлеуметтік, экономикалық және басқа да салалар бойынша зерттеу мақалалар жазып, өзінің кәсіби біліктілігін көрсете білген ол Тұңғыш Президенттің және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы Алғыс хаттарына ие болған.
Ғасырдан астам тарихы бар облыстық басылымда қызмет ету — мен үшін үлкен абырой. Осы абырой биігінен түспей, жауапкершілікпен, өз жұмысыма деген ерекше қызығушылықпен әрі қарай еңбек ете бергім келеді. Кез келген адам өз қызметін шексіз сүю керек деп ойлаймын. Себебі өзің қаламаған жұмыс сені жетістікке жеткізбейді. Мен осы газетке келіп, түрлі тақырыпты зерттеп, жазуға шыңдалдым.
Қазір орта буын ретінде жастарға тәлімгер болып, ақыл-кеңесімді айтамын. Қандай жағдай болса да, мен өз жұмысыма үлкен жауапшілікпен қараймын, ізденемін, — дейді ол.
Айжан Шаукулова — өз әріптестері арасында сыйлы, көпке үлгі журналист. Оның кәсіби біліктілігімен қатар адамгершілік қасиеттерін де көпшілік жоғары бағалайды.
Бүгінде үш бала тәрбиелеп отырған кейіпкеріміз әрдайым отбасы құндылықтарын насихаттауға, жүрген жерінде көпті береке-бірлікке шақыруға тырысады. Әрдайым жақсылықтың жаршысы болып жүретін әріптесімізді оқырмандар да ерекше бағалап, мақалаларын қызығушылықпен оқиды.
Айжанның журналистикадағы жетістігі де жетерлік. Ол осыдан бірнеше жыл бұрын республикалық «Нұр Сұңқар — 2018» байқауының «Сөз шебері» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған болатын. Сондай-ақ облыс, қала әкімінің арнайы Алғыс хаттарына да ие болды. Мерекеде кейіпкерімізге жаңа табыстар мен зор бақыт тілейміз.
Күләштің қожалығы
Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Қалыбай ауылында тұратын Күләш Дербісалина кішкентай кезінен мал бағуға бейім боп өскен. Кезінде әкесі де ауылда мал шаруашылығын дамытуға үлес қосыпты. Ал қазір сол «дәстүрді» жалғастырып отырған кейіпкеріміз білдей бір шаруа қожалығының басшысы.
Әйел болса да ер азаматтың орнында жүрген Күләш Аманжолқызы бүгінде малды да бағады, сиырды да сауады, аудан, облыс орталығына барып қажетті құжаттарын да дайындайды. Бір сөзбен айтқанда, «универсал» шаруаға айналған кейіпкерімізді көпшілік жақсы таниды. Биыл ол «Ауыл аманаты» жобасына да қатысып отыр.
Шаруашылығымыз 2005 жылы құрылды. Содан бері малымыздың саны көбейіп келеді. Бүгінде қожалықта 500 қой, 300-ге жуық жылқы, 90-нан астам ірі қара, 2 бас түйе бар. Сондай-ақ «ҚазАгроФинанс» акционерлік қоғамы арқылы лизингке тракторлар сатып алдық. Негізінен, шаруашылық жұмысын отбасымыз болып атқарамыз. Жолдасым, інім мен келінім, балам — барлығымыз осы қожалықты дамытуға күш салып келеміз. Мал бағу, одан төл алу оңай емес. Ауылдық жерде адамға қажетті барлық мүмкіндік бола бермейді. Соған қарамастан, үздіксіз еңбек етіп келеміз. «Бейнеттің түбі — зейнет» демекші, бір күні «еңбектің тәтті нанына» да жетерміз, — дейді ол.
«Мантай» аталатын шаруа қожалығының базы Қалыбай ауылынан 18 шақырым қашықтықта орналасқан. Дегенмен қожалық «Самара-Шымкент» тас жолына жақын. Қазір мұндағы басты мәселе жарық болып отыр. Шаруашылықта ұңғыма бар, яғни ауызсу қоры жеткілікті. Енді мемлекет тарапынан қолдау болып, электр желісі тартылса шаруаға үлкен демеу болар еді.
Айта кету керек, Күләш Дербісалина бұған дейін шаруашылығын дамыту үшін «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 4,5 млн, «Даму» қоры арқылы ірі қара санын көбейтуге 4,5 млн теңге несие алған. Өткен жылы лизингке тағы бір трактор сатып алыпты.
Қашан да еңбек еткен адам жетістікке жетеді. Осыны қазіргі жастар мойындай бермейді. Мен ес білгелі еңбек етіп келемін. Соның арқасында көп тәжірибе жинап, міне, үлкен шаруашылықты дамытып отырмын. Отбасында жолдасым екеуміз екі бала тәрбиелеп өсірдік. Қазір олар да азамат болды. Қожалықтың жұмысына інім Амангелді мен келінім үлес қосып келеді. Биыл облыста жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, біздің шаруашылықпен өзара меморандумға қол қойды. Ондағы мақсат — мал басын көбейту, бір-бірімізге қолдау көрсету. Қазір осы жобаның арқасында біз сияқты қожалықтар мал шаруашылығымен айналысқысы келетін тұрғындарға қолдау көрсетуде. Меніңше, бұл — ауылдарды дамытуға қажет бағдарлама. Осыдан он жыл бұрынғы кезеңмен салыстырсақ, қазір елді мекендер дамып, халықтың жағдайы жақсарып келеді, — дейді шаруашылық басшысы.
Кейіпкеріміз күз айларында облыс орталығында өтетін аудан күндеріне қатысып, қала халқына сүт, ет өнімдерін сататынын айтады. Осылайша ол өз қолымен жасаған май, құрт, ірімшік, т.б. өнімдерінен табыс табады.
Әйел-ана болса да үлкен жауапкершілік арқалап, игілікті істің басында жүрген Күләш Аманжолқызының еңбекқорлығы мен парасаттылығы, шыдамдылығы мен алғырлығы — көпке үлгі. Ендеше, кейіпкерімізге зор денсаулық, еңбегіне толағай табыстар тілейміз!
Р.S. Қалай десек те, әйел араласқан істе береке мен молшылық, тәртіп пен жинақылық бар екені анық. Сондықтан әр салада еңбек етіп жүрген қыз-келіншектердің орасан зор еңбегі де, отбасындағы ана ретіндегі орны да зор құрметке лайық. Лайым елімізде аналар мен балалар бақытты болсын!