Айдың қайдан пайда болғаны анықталды

15 Шілде 2020, 07:35
2556
Бөлісу:
Айдың қайдан пайда болғаны анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Айдың жасы осы уақытқа дейін саналып келгендегіден кіші" деген қорытындыға келді Германиядағы Мюнстер университетінің ғалымдары. Жаңа мәліметтерге сенсек, Жер серігі 4,425 миллиард жыл бұрын пайда болған. Аспан денесінің жасы жайлы тың деректер "Science Advances" журналында жарияланған.

Модельдеу нәтижелері көрсеткендей, Күн жүйесі туғаннан кейін 140 миллион жылдай өткен соң, яғни 4,567 миллиард жыл бұрын Жер протопланетаға тап болған. Бұл кезде ауыр металл элементтер Жердің ортасына түсіп, темір мен никельдің ядросы қалыптасты. Оларды силикатты жыныстардың қалың мантиясы қоршап тұрған. Радиоактивті элементтер ыдырағандықтан, бұл жыныстар барған сайын қыза түсіп, миллиондаған жылдар бойы металдар мен силикаттардың бөлінуіне ықпал етті.

Жер осы кезеңде көлемі Марспен шамалас болатын Тейяға соғылды. Сөйтіп, ғарышқа бірнеше мыңжылдықта Жер серігінің пайда болуына ықпал еткен жеткілікті материал лақтырылды. Сонымен қатар Жер мен Айда тереңдігі мыңдаған шақырымға жететін үлкен магмалық мұхиттар пайда болды. Мұндағы мұхиттар тез қатайып, қабыршақтанды. Осылайша магманың одан әрі салқындауы тежелді.

Зерттеушілер балқытылған жыныстарды толық қатайтуға қанша уақыт кететіндігін есептеді. Бұл өз кезегінде Айдың нақты жасын есептеуге көмектесті. Компьютерлік модельдерге сәйкес, осы кезге дейін 35 миллион жыл деп есептеліп келген бұл процеске 200 миллион жыл кеткен. Бұдан бөлек, зерттеушілер магма суығаннан кейін магний мен темірге бай минералдардың құрамы қалай өзгеріп отырғанын анықтады. 

Ғалымдар Ай жыныстарының нақты құрамын модельден алынған магмалық жыныстардың құрамымен салыстырды және балқытылған мұхиттың пайда болғанға дейінгі эволюциясын қадағалады. Айдың пайда болу уақыты уран-қорғасын әдісінің көмегімен анықталған Жердің металл ядросының қалыптасу уақытына сәйкес келеді екен.

Өзгелердің жаңалығы