Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов Бурабайда өтетін XII халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынына дайындық жұмыстарымен танысты. Инспекциялық сапар барысында ол Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледждің «Амандық» полигонын аралап, қатысушыларды қабылдау және орналастыру, сондай-ақ жарыс алаңдарының дайындығын тексерді. Іс-шараға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов та қатысты.
Әскери колледж басшылығы министрге қатысушыларды қабылдау тәртібі, полигонға апаратын жолдардың жағдайы, жүргізілген құрылыс жұмыстары және жиынға дайындық барысы туралы баяндады.
Қорғаныс ведомствосының басшысы далалық инфрақұрылым нысандарын аралап, жазғы амфитеатр құрылысының сапасын, саптық алаң мен әскери-қолданбалы және спорттық жарыстар өтетін орындардың жабдықталуын бағалады.
Министр қатысушыларды, команда жетекшілерін, спорт нұсқаушыларын және қазылар алқасы мүшелерін орналастыру, тамақтандыру және тұрмыстық жағдаймен қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударды. Қазіргі уақытта олардың жайлы әрі қауіпсіз тұруы үшін әртүрлі сыйымдылықтағы 74 шатыр орнатылған.
Сапар қорытындысында Дәурен Қосанов жиынға қатысушылар үшін қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауды тапсырды. Сонымен қатар тұрғын орындарды талапқа сай жабдықтау, сапалы тамақтандыруды ұйымдастыру және шатырлы қалашықта санитарлық-гигиеналық нормалардың сақталуын қамтамасыз ету міндеттелді.
Айта кетейік, 21–27 маусым аралығында Бурабай курорттық аймағында Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан командаларының қатысуымен «Айбын» XII халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны өтеді.