Қазақстан ерлер құрамасының капитаны Айбек Оралбай Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Айбек 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде финалға дейін жетіп, шешуші жекпе-жекте өзбекстандық Жахонгир Зокировпен қолғап түйістірді. Алғашқы екі раундта қарсыласы басымдық танытқанымен, Оралбай үшінші кезеңде айқын ерік-жігер көрсетіп, жеңісті өз пайдасына шешті.
Осылайша, Айбек Оралбай ересектер арасындағы әлем чемпионатында алғаш рет жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.
Қазақстан құрамасы бұл біріншілікті жеті алтын медальмен аяқтады. Чемпион атанғандар қатарында:
- Алуа Балқыбекова (51 келіге дейін),
- Санжар Тәшкенбай (50 келіге дейін),
- Махмұд Сабырхан (55 келіге дейін),
- Аида Әбікеева (65 келіге дейін),
- Наталья Богданова (70 келіге дейін),
- Төрехан Сабырхан (70 келіге дейін),
- Айбек Оралбай (90 келіден жоғары).
Сонымен бірге, Назым Қызайбай (48 келіге дейін) күміс жүлдеге ие болды, ал Виктория Графеева (60 келіге дейін) мен Елдана Тәліпова (80 келіден жоғары) қола жүлдегер атанды.