Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. СҚО Ақжар аудандық мәслихатының хатшысы Айбек Хоршатұлы еліміздегі жағдайға қатысты Президентті қолдауға шақырды. Бұл туралы депутат өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Бейбіт шерудің сәтін мүлт жібермей пайдаланған содырлар мен лаңкестер қалаларымызды қиратып, кәсіпкерлер мен тұрғындардың дүниесін талан-таражға салу арқылы елімізге миллиардтаған шығын әкелді және ең сорақысы сол қаншама адам мерт болғанын бәріміз көріп, естіп, біліп отырмыз. Ел басына күн туған осындай қысылтаяң уақытта ел Президенті Қ.К.Тоқаев саяси батыл шешімдер қабылдап, мемлекеттігімізді ыдыраудан, тәуелсіздігіміздің іргесі сөгілуден аман алып қалды - деді ол.
Сонымен қатар мәслихат депутаты ел Президентіне қолдау көрсетуге шақырды.
Құрметті ақжарлықтар, қадірменді жерлестер! Оңтүстік астанамыз, қаржы орталығы Алматы қаласында әлі де болса келеңсіз оқиғалар орын алуда. Дәл қазіргідей шақта бәріміз күшіміз бірлікте екендігін танытып ел Президентінің үндеулерін қолдап, солтүстіктің шалғай ауылдарында болсақ та біз мемлекетігіміздің басшысымен бірге екендігімізді танытқымыз келеді. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Бүгін қызмет бабында ел тыныштығы үшін құрбан болған құқық қорғау органдары қызметкерлері мен қапыда мерт болған бейбіт тұрғындар үшін ел болып аза тұту күні! Ерлеріміздің есімі ел есінде мәңгі сақталып, ерлігі болашақ ұрпақтарға үлгі болары сөзсіз. Барлығына да иман тілейміз! - деді ол өз сөзінде.