Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 17 қаңтарда Тегеранда Иранның жоғарғы көсемі аятолла Әли Хаменеи жұма намазында жұрт алдында уағыз оқып, елді татулық пен бірлікке шақырды.
Аятолла бұл уағызын елде наразылық күшейіп тұрған тұста оқыды. Мосалла мешітіндегі жұма намазында ол "Батыс елдері ирандықтарды тізерлете алмайды" деді.
Сегіз жылдан кейін алғаш рет жұма намазында мәлімдеме жасаған 80 жастағы Хаменеи Тегеранда Иран зымырандары тиіп құлаған украиналық ұшақтың апатын "орны толмас қасірет" деді.
Ол "жауларымыз украиналық ұшақтың апатын Иранға, әскерімізге қарсы қолданып жатыр" деді.
Уағызға мыңдаған адам жиналды. Мешіт маңында күзет күшейді. Ел билігі жұма намазынан кейін халықты Иран әскерін қолдайтын шеруге шақырған.