Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Парламент Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Сауытбек Абдрахманов Қордайдағы оқиға қатысты пікір білдірді.
Осыдан екі күн бұрын Парламент Мәжілісіне Қазақстан халқы ассамблеясы атынан сайланған бір топ депутаттар Қордай ауданына барғанбыз. Бізді дүнген халқының қазақ жеріне қоныс аударғанына 140 жыл толуына орай ұйымдастырылған салтанатты мерекеге шақырды. Сол кезде еліміздегі көп этностың жарасымды тірлігіне куә болып қайтқан едік. Дәл осы ауданнан қайғылы хабар жетіп жатыр, жан ауыртады. Жағдай тұрмыстық сипаттағы, жеке адамдардың тәртіпсіздігіне байланысты болған. Өкінішті жағдай. Мемлекет басшысы арнайы мәлімдесін жасады, тиісті ведомство басшыларына тапсырма берді. Нұр-Сұлтан қаласында брифинг өтті, жағдай бақылауда. Трагедияға себепкер болған арандатушылар өз жазаларын алатыны сөзсіз. Халықты сабырға шақырамыз, ашуға ерік бермегені дұрыс. Бір кездері қытайдың тарапынан қорлық көріп, жапа шегіп келген ағайындарды жекелеген адамдардың қателігі үшін кінәлау дұрыс емес. Дәл қазір жағдайдың қандай болғанын кесіп-пішіп айтуға әлі ерте. Арнауы үкімет комиссиясы құрылып, Қордайға аттанып кетті, - дейді Сауытбек Абдрахманов.Айта кетейік, Сауытбек Абдрахманов Қазақстан халқы ассамблеясының Мәжілістегі депутаттық тобының жетекшісі.
Естеріңізге сала кетейік, 7 ақпан күні Жамбыл облысы, Қордай ауданына қарасты бірнеше елді мекенде тұрғындар арасында жанжал болды. Ресми ақпарат бойынша 8 адамның қаза болғанын хабарланды.