Бампер, электр сымдары, дискілер: Қазақстанда жаңа өнеркәсіптік кластерлер дамып жатыр

Автокомпонент өндірісін дамыту жергілікті қамту үлесін арттыруға мүмкіндік береді.

 ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова 21 Шілде 2026, 10:49
21 Шілде 2026, 10:49
210
Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Үкімет отырысында автокомпоненттер өндірісін дамыту автомобиль өнеркәсібіндегі жергілікті қамту үлесін арттырудың негізгі бағыттарының бірі екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Министрдің сөзінше, бүгінде бұл бағыт қарқынды дамып келеді. Отандық кәсіпорындар шиналар, қозғалтқыш бөлшектері, аккумуляторлар, автобустарға арналған металл бөлшектер, орындықтар мен мультимедиялық жүйелер шығаруды жолға қойған.

Сонымен қатар бамперлер, электр сымдары, доңғалақ дискілері және лак-бояу материалдарын өндіруге бағытталған жаңа жобалар іске асырылып жатыр, – деді Ерсайын Нағаспаев.

Оның айтуынша, осы саланы дамыту мақсатында машина жасау және көлік мәселелері бойынша заң қабылданып, онда алғаш рет «өнеркәсіптік кластер» ұғымы енгізілген.

Қазіргі таңда ең ірі өнеркәсіптік кластерлер Қостанай, Саран және Алматы қалаларында жұмыс істейді. Бұл кластерлер аясында автокөлік шығарумен қатар, оған қажетті компоненттер өндірісі дамытылып, жаңа жеткізушілер тартылып, толыққанды өндірістік тізбектер қалыптастырылып жатыр, – деді министр.

Еске салайық, бұған дейін министр Қазақстанда қандай автокөліктер шығарылатынына тоқталған болатын. 

Наверх