Автолизинг қайта оралады: Қазақстандықтарды қандай өзгерістер күтеді?

Бағдарлама заңға тәуелді акт күшіне енгеннен кейін қайта қолжетімді болады.

 ©BAQ.KZ коллажы 21 Шілде 2026, 13:51
21 Шілде 2026, 13:51
348
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстанда жеке тұлғаларға арналған автолизинг бағдарламасын қайта іске қосуға дайындық аяқталуға жақын. Тиісті заңға тәуелді нормативтік құқықтық акт қабылданғаннан кейін бұл тетік азаматтар үшін қайта қолжетімді болады Бұл туралы Үкіметте баспасөз брифингінде мәлім болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, пилоттық жоба бірнеше ай жұмыс істегеннен кейін мемлекеттік органдар бірқатар ескерту айтып, бағдарламаны жетілдіру қажеттігі туындаған.

Биыл жыл басынан бері автолизинг бағдарламасы пилоттық режимде бірнеше ай жұмыс істеді. Мемлекеттік органдардан көптеген ескертулер келіп түсті. Олар айыппұлдарды төлеу, салық өндіріп алу мәселелері, сондай-ақ барлық цифрлық жүйелер мен дерекқорлардың бір жүйеге толық біріктірілмеуіне қатысты болды, – деді Ерсайын Нағаспаев.

Оның айтуынша, барлық ұсыныс жинақталып, қазір мемлекеттік органдармен келісудің соңғы кезеңінде қаралып жатыр.

Барлық ескертуді жинақтадық. Қазіргі таңда қосымша өзгерістер мемлекеттік органдармен келісудің қорытынды кезеңінде тұр. Жақын арада барлық өзгеріс ескеріліп, қабылданады, – деді министр.

Сонымен қатар министрлікте бұл бағдарламаның өз тиімділігін дәлелдегеніне сенімді.

Бағдарламаның негізгі тетігі тиімді деп есептейміз. Бұл – автокөлік сатып алудың қосымша мүмкіндігі. Иә, алғашқы айларда мемлекеттік органдар тарапынан қосымша ұсыныстар болды. Біз олардың барлығын пысықтадық. Жақын уақытта қосымша ақпарат береміз деп ойлаймын, – деді ол.

"Қазақстанның өнеркәсіпік инвесторлар одағы" ЗТБ пезиденті Қайрат Еламанов пилоттық жоба қорытындысы бойынша азаматтардың мүддесін қорғауға бағытталған заңнамалық өзгерістер қабылданғанын айтты.

Пилоттық жобаны іске асыру барысында бірқатар тәуекел анықталды. Ең алдымен, бұл азаматтарға қатысты болды, өйткені лизингтік компанияларға және қаржылық лизинг тетігіне қойылатын талаптар мен шарттар толық қарастырылмаған еді, – деді Еламанов.

Оның айтуынша, қажетті түзетулер Машина жасау және көлік мәселелері туралы заңға енгізілген.

Қазір келісу сатысында тұрған заңға тәуелді нормативтік құқықтық актінің қабылдануы күтіліп отыр. Жалпы алғанда, лизингтік компаниялар бағдарламаны іске қосуға дайын. Құжат күшіне енгеннен кейін бұл туралы қосымша хабарланады, – деді ол.

«Қазақстан автомобиль одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Анар Мақашева автолизинг автонесиені алмастырмайтынын, керісінше сатып алушылардың таңдау мүмкіндігін кеңейтетінін айтты.

Жеке тұлғаларға арналған лизингті "жақсы" немесе "жаман" деп бағалау дұрыс емес. Бұл – клиенттің таңдауы. Әрбір сатып алушы үшін лизинг көлік сатып алудың әртүрлі нұсқасын ұсынады, – деді Мақашева.

Оның түсіндіруінше, автонесиеден айырмашылығы – шарттың қолданылу мерзімі ішінде автокөлік лизингтік компанияның меншігінде болады, ал клиентке икемдірек талаптар ұсынылады.

Сатып алушы автокөлікті бастапқы жарнамен де, бастапқы жарнасыз да ала алады. Сондай-ақ сервистік қызметтердің толық пакетін таңдауына немесе одан бас тартуына мүмкіндік бар. Бұдан бөлек, шарт мерзімі аяқталғаннан кейін көлікті сатып алуына да, сатып алмауына да болады, – деді Қазақстан автомобиль одағының басшысы.

Бұған дейін рөлі оң жақта орналасқан көліктерге жаңа тыйым енгізіле медеген сұраққа министр жауап берді.

Сондай-ақ, Қазақстанда шығарылған автокөліктердің бағасы арзандай бастады.

Наверх