Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Автолизинг бар, көлік жоқ: Жаңа бағдарлама неге тоқтап тұр?

Бүгiн, 11:50
445
Бөлісу:
 BAQ.KZ коллажы
Фото: BAQ.KZ коллажы

Желтоқсан айында іске қосылған жеке тұлғаларға арналған автолизинг бағдарламасы әзірге жаппай сұранысқа ие болмай отыр. Үкімет деңгейінде кеңінен таныстырылып, үлкен үміт артылғанына қарамастан, осы уақытқа дейін автолизингтің небәрі бір ғана нақты берілу дерегі тіркелген. Одан кейін бағдарлама іс жүзінде «тоқтап қалған». Екінші деңгейлі банктердің басым бөлігі мұндай өнімнің әзірге оларда жоқ екенін растап отыр. Бұл туралы BAQ.KZ тілшісіне банк секторының өкілдері мен нарық қатысушылары мәлімдеді.

Қазіргі таңда сарапшылар негізгі себеп ретінде инфрақұрылым мен заңнамалық базаның дайын еместігін, сондай-ақ автолизингті халық үшін қолжетімсіз ететін жоғары пайыздық мөлшерлемені атап отыр.

Автосарапшы Арсен Шакуовтың айтуынша, автолизинг тетігінің өзі Қазақстан нарығы үшін жаңа ұғым және оны толық іске асыру үшін нормативтік-құқықтық базаны кем дегенде жұмыс істейтін деңгейге дейін жетілдіру қажет.

Автолизинг деген ұғым - Қазақстан үшін жаңа. Оны енгізу үшін заңнамалық базаны кем дегенде жұмыс істейтін күйге келтіру керек. Іске асқан жалғыз жағдай, сірә, таныстыру немесе пилоттық сипатта болған, яғни қаржы нарығының құрылымы бүгінгі таңда мұндай құралға дайын ба, соны тексеру үшін жасалған,- дейді сарапшы.

Оның айтуынша, бұл бағдарламаның іске асырылуы Мемлекет басшысының бақылауында, сондықтан жоба бір ғана оқиғамен шектеліп қалмайды.

Мұнда “бір рет жасап, сонымен бітті” деген тарих болмайды. Тетікті соңына дейін жеткізуге тырысады. Алайда нарық жаңа ұсынысқа бірден жауап беріп үлгермеді. Оның үстіне, барлық банк автолизингпен жұмыс істеуге дайын емес, себебі ол үшін жеке лизингтік құрылым, басқа есеп моделі және арнайы дайындалған кадрлар қажет. Қазір автолизингті іс жүзінде тек ForteBank берді. Басқа банктер мұндай бағдарламаның жоқ екенін ашық айтып отыр. Бұл - қазір бағдарламаға қатысатын белгілі бір екінші деңгейлі банктер іріктеліп жатқанын көрсетеді. Лизинг барлық банкте қолжетімді бола бермейді,- дейді Арсен Шакуов.

Автолизингтегі тағы бір шектеу - автокөлік жеткізушілерінің шеңбері болуы мүмкін.

Сарапшының айтуынша, бағдарламаға тек ресми өндірушілер мен дилерлер қатысуы ықтимал, ал «сұр импорттағы» көліктер тыс қалады.

Мұнда толық кепілдік циклі бар және тұтынушы алдындағы ресми міндеттемелері сақталған көліктер туралы сөз болып отыр. Сұр импортпен әкелінген, ресми емес автокөліктер лизингке қатыспайды, - дейді ол.

Қоғам тарапынан айтылып жатқан сын да назардан тыс емес. Арсен Шакуов бұл ең алдымен нақты әрі түсінікті шарттардың жоқтығымен байланысты деп есептейді.

Пайыздық мөлшерлеме, бастапқы жарна және қатысу ережелері нақты белгіленбесе, әрқашан сенімсіздік туындайды. Егер бұл мемлекеттік бағдарлама болса, ол бірізді, түсінікті мөлшерлемелермен және бірыңғай шарттармен жүзеге асуы тиіс. Ол жекелеген банктер үшін алыпсатарлық құралға айналмауы керек, - деп атап өтті сарапшы.

Ал R-Finance қаржылық кеңесшісі Арман Байганов мәселенің жүйелі сипатқа ие екенін айтады. Оның пікірінше, Қазақстанда лизинг қызметі, әсіресе жеке тұлғалар сегментінде, әлсіз дамыған.

Банктер негізінен классикалық несиелеумен айналысады. Ал лизингпен ірі банктердің еншілес компаниялары немесе арнайы лизингтік ұйымдар шұғылданады. Олардың есеп жүргізуі де, есептілігі де бөлек, әрі білікті мамандар қажет.

Қаржылық кеңесші негізгі тежеуші фактор ретінде жоғары базалық мөлшерлемені атап өтеді. Соның салдарынан автолизинг көпшілік үшін көтере алмайтын қаржылық жүктемеге айналып отыр.

Базалық мөлшерлеме жоғары болған жағдайда лизингтің жылдық пайызы 25-30%-ға дейін жетеді. Мұндай шартпен көлік алуға бәрінің шамасы келе бермейді. Егер мөлшерлеме кем дегенде 20%-ға дейін төмендесе немесе пайыздарды субсидиялау қарастырылса, бағдарламаға деген қызығушылық мүлде басқаша болар еді. Пайыздық мөлшерлемені субсидиялау болмаса, бұл бағдарлама декларативті күйде қалып қоюы мүмкін. Бүгінгі негізгі кедергі - жоғары пайыздық мөлшерлеме және лизингтік компанияларда арзан қаржы көздерінің жоқтығы. Банктер депозиттерді 18% шамасында тартады, оған тәуекелдерді қосады, нәтижесінде халық үшін тым қымбат өнім шығады, - дейді Арман Байганов.

Осылайша, бизнес пен банктердің дайын екені туралы мәлімдемелерге қарамастан, Қазақстанда жеке тұлғаларға арналған автолизинг әзірге тек тұжырымдама деңгейінде ғана қалып отыр.

Сарапшылардың пікірінше, нақты ережелер, түсінікті пайыздық шарттар мен нормативтік нұсқаулықтар пайда болмайынша, жаппай сұраныс күту қиын.

Өзгелердің жаңалығы