Автогаз бен жеңіл мұнай өнімдері тапшылығы бола ма

Бөлісу:
Автогаз бен жеңіл мұнай өнімдері тапшылығы бола ма
Фото: BAQ.KZ архив

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Мәжілістегі Үкімет сағатында автогаз бен жеңіл мұнай өнімдері тапшылығын қалай болдырмайтынын айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Биыл жеңіл мұнай өнімдерін өндіру 10,9 млн тонна (автобензиндер – 5,1, авиаотын – 0,6 және дизель отыны – 5,2), битум өндірісінің болжамы – 0,8 млн тонна деңгейінде жоспарланып отыр. Ішкі нарықта жанар-жағармаймен және битум тапшылығы тәуекелдерінің туындауының алдын алу үшін жыл сайынғы негізде болжамды деректерге сәйкес Қазақстан мен Ресейдің Энергетика министрліктері арасындағы индикативтік теңгерім бекітіледі, - деді министр.

Биыл теңгерімге сәйкес шамамен 1,0 млн тонна (автобензиндер – 0,285, авиаотын – 0,3, дизель отыны – 0,45) және битум – 0,5 млн тонна көлемінде жеңіл мұнай өнімдерінің импорты көзделеді.

2032 жылы жеңіл мұнай өнімдерін өндіру 19 млн тоннаға дейін (автобензиндер – 8,2, авиаотын – 1,5 және дизель отыны – 9,3) және битум өндіру 2,5 млн тоннаға дейін ұлғаяды.

Бұл жағдайда импорт тоқтатылады және артық жанар-жағармай экспорты басталады (өндірілетін көлемнің ең азы 10%). Биылдың 10 айының қорытындысы бойынша сұйытылған мұнай газын (СМГ) өндіру көлемі 2023 жылмен (2,4 млн тонна) салыстырғанда 2,5 млн тоннаны немесе 104%-ды құрады. 2024 жылға жоспарланған өндіріс көлемі шамамен 2,9 млн тоннаны құрайды, - деп айтты Алмасадам Сәтқалиев Мәжілісте.

Министрлік ай сайын ішкі нарыққа 130-140 мың тонна бөледі, қажеттілігі шамамен 164 мың тонна. Министрлік СМГ нарығын тұрақтандыру бойынша бірқатар шаралар қабылдауда – бұл СМГ-ын Қазақстан аумағынан әкетуге тыйым салуды енгізу (2023 жылғы қарашадан бастап), сондай-ақ жаңа кен орындарын іске қосу.

СМГ тұтынуының болжамды өсуін ескере отырып, жаңа қуаттарды енгізу және 2032 жылға қарай сұйытылған мұнай газын өндіру көлемін 4,2 млн тоннаға дейін жеткізу бойынша шаралар қабылданып жатыр.

Өзгелердің жаңалығы