Қарағандыда алқабилер соты қалааралық "Қарағанды – Теміртау" автобусында болған жанжалдан кейін жасалған кісі өлтіру ісі бойынша резонансты үкім шығарды, деп хабарлайды BAQ.KZ Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына сілтеме жасап.
Сотталушы адам өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, орташа қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде жазасын өтеумен 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ сот сотталғаннан 8 миллион теңге көлемінде моральдық зиян өтемақысын өндіру туралы шешім қабылдады. Қылмысты мас күйінде жасауы — жазаны ауырлататын мән-жай ретінде танылса, жәбірленушінің арандатушылық әрекеті мен айыпталушының өкінуі — жазаны жеңілдететін жағдайлар ретінде ескерілді.
Сотта анықталғандай, 2025 жылғы 10 наурызда №107 автобусында екі ер адам алкоголь ішіп, балағат сөздер айтқан. Бұл жолаушылардың наразылығын тудырған. Олардың бірінің ескертуінен кейін сөзге келу басталып, жанжал Теміртаудағы "Кооператор" аялдамасында жалғасқан. Төбелес кезінде сотталушы жәбірленушіге бірнеше рет пышақ сұғып, ер адам оқиға орнында көз жұмған.
Прокуратура айыпталушыны 15 жылға бас бостандығынан айыруды сұраса, қорғау тарапы жазаны жеңілдетуді өтінген. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.