Бүгін Мәжіліс кулуарында Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев Астанада болған автобус апатынан кейін баланың аяғы неге ампутацияланғанын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, апат салдарынан баланың аяқ тіндері толықтай жойылып, медициналық тұрғыда оны аман алып қалу мүмкін болмаған.
Қоғамда кейбір азаматтар баланың аяғын аман сақтау мүмкін болды деп, медицина қызметкерлеріне сын айтып жатыр. Алайда жол-көлік оқиғасы кезінде баланың аяқ ұлпалары түгелдей зақымданып, қайта қалпына келмейтіндей күйде болған. Сондықтан оны сақтап қалу мүмкін емес еді, – деді Ержан Нұрлыбаев.
Сондай-ақ ол дәрігерлер ең алдымен баланың өмірін сақтау үшін бар күшін салғанын айтты.
Дәрігерлер өз қызметін кәсіби деңгейде атқарды. Бүгінде баланың аман қалуы – медицина мамандарының ерен еңбегінің нәтижесі, – деп атап өтті вице-министр.
Еске салайық, Астанада жол апаты болып, 15 жолаушы, соның ішінде 6 бала зардап шекті. Олардың үшеуінің жағдайы ауыр екендігі айтылды.
2017 жылы туған қыз балаға алған жарақаттары салдарынан екі аяғына ампутация жасалды.
Ал Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек автобус апатынан кейін екі аяғынан айырылған қыздың отбасына пәтер берілетінін жеткізді.
Жол апатынан кейін автобус жүргізушісі қамауға алынғанын хабарлаған болатынбыз. Екі аяғынан айырылған бүлдіршінге жәрдемақы тағайындалады.