Микроскопиялық QR-кодты тек электронды микроскоп арқылы ғана көруге болады. Оның жалпы ауданы небәрі 1,98 микрометрді құрайды, бұл көптеген бактериялардың өлшемінен де кіші, деп хабарлайды BAQ.KZ "МИР24"-ке сілтеме жасап.
Вена материалтану және технология институтының мамандарының айтуынша, микрометрлік құрылымдар бүгінде таңсық емес. Ғалымдар тіпті жекелеген атомдардан да өрнек құрастыра алады. Алайда осы уақытқа дейін дәл осындай кішкентай, сонымен қатар берік әрі оқуға жарамды QR-код жасау ешкімнің қолынан келмеген.
Зерттеушілер негіз ретінде ультражұқа керамикалық қабықшаны таңдаған. Бұл материал ұзақ мерзімділігімен ерекшеленеді және қолайсыз жағдайларда да қасиеттерін сақтайды. QR-код фокусланған иондық сәуле арқылы түсірілген. Бір пиксельдің өлшемі 49 нанометрден аспайды, бұл көрінетін жарық толқынының ұзындығынан шамамен он есе кіші. Сондықтан арнайы құралсыз оны көру мүмкін емес.
Жоба авторларының бағалауынша, мұндай керамикалық платформа теориялық тұрғыда 2 терабайтқа дейін ақпарат сақтай алады. Бұл технологиялар деректер көлемі ұдайы артып отырған заманда архивтеудің тиімді шешімі болуы ықтимал.
Алдағы уақытта зерттеу тобы тек QR-кодтармен шектелмей, ақпарат сақтаудың өзге форматтарын да қарастыруды жоспарлап отыр. Перспективалы бағыттардың бірі – ерекше магниттік молекулаларды пайдалану. Мұндай тәсіл ықшам тасымалдағыштарға аса үлкен көлемдегі деректерді сенімді әрі энергия үнемдей отырып ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік береді.