Ауыз судың бәрі сапалы бола бермейді

11 Тамыз 2022, 18:08
2421
Бөлісу:
Ауыз судың бәрі сапалы бола бермейді

Бүгінгі таңда ақмолалықтар үшін ең өткір мәселелердің бірі – ауыз су сапасы болып отыр. Өңірде бұл мәселенің қалай шешіліп жатқандығы туралы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің басшысы Айнагүл Мусина айтып берді, деп хабарлайды Ақмола облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Бірнеше жыл бойы Ақмола облысы су сапасы жөнінен еліміз бойынша соңғы орындардың бірінде тұр. Оның себебі сумен жабдықтау жүйелерінің тиімсіз жұмысы болып отыр. Мемлекет тиісті шаралар қабылдауда. Биыл Ақмола облысында сумен жабдықтау нысандарын салу және жаңарту бойынша үш жобаны іске асыруға 3,6 млрд теңге бөлінді, – деп атап өтті Айнагүл Мусина.

Өңірдің бас санитарлық дәрігері су сапасы қалай тексерілетінін түсіндіріп берді.

Жыл сайын жарты жылға тексеру кестесі бекітіледі. Ал іс-шараға дейін 30 күн бұрын шаруашылық жүргізуші субъект ол туралы хабардар етіледі. Судың сапасын іріктелген сынамалар бойынша бағалаймыз. Бірақ бүгінгі күні зерттеу жиілігі жылына бір рет болғандықтан, үлгілер мүлдем индикативті емес. Бұл ретте тағы да 30 күн ішінде біз субъектіні хабардар етеміз. Сондықтан да біз ауыз су сапасына мониторинг те жүргіземіз. Атап айтқанда, ол су тасқыны кезінде жүргізіледі, - деп түсіндірді департамент басшысы.

Бұдан басқа, шаруашылық жүргізуші субъектілер дербес өндірістік бақылау жүргізуі тиіс. Ол аймақтағы үш өндірістік зертхана негізінде жүзеге асырылады.

Сапасы бойынша ең нашар көрсеткіш Көкшетау, Жақсы, Жарқайың, Шортанды аудандарында. Мұның себебі – суды ашық көздерден пайдалану. Көкшетау қаласы бойынша су тазарту құрылғылары 20-30 жылдан астам уақыт бойы ескірген күйде жұмыс істеп келеді. Қазір судың сапасы эпидемиологиялық тұрғыдан хлор мөлшерінің артуына байланысты санитарлық талапқа сай деуге болады. Бірақ химиялық көрсеткіштер бойынша сәйкессіздік бар екенін көреміз, – дейді Айнагүл Мусина.

Көкшетау бойынша сумен жабдықтау көздері – Сергеев және Шағалалы су қоймалары. 

Сергеев су қоймасынан судың сапасы жақсы. Бірақ ол 200 шақырымнен келеді. Кейде құбырлардың жарылуынан су сапасы талапқа сай келмейді. Шағалалы су қоймасынан шөгінділерді тазарту қажет. 2006 жылдан бастап Көкшетаудың тазарту құрылыстарын қайта құру бойынша жоба әзірленді. Бірақ бағаның қымбаттауына байланысты үш рет түзету жүргізілді. Үшінші түзетуден кейін тазарту құрылыстарын қайта жаңарту басталады. Мәселе Мемлекет басшысының бақылауында, – деді Айнагүл Мусина.

Оның айтуынша, Жақсы ауданында сумен жабдықтау мәселесі де өткір тұр. 

Енді су құбырын жер асты су көзіне қосу бойынша жобаны іске асыру басталды. Қараша айында бұл жобаны жүзеге асыру аяқталып, Жақсы, Белағаш тұрғындары сапалы суға қол жеткізеді, – деді бас санитарлық дәрігер.

Ол  ақмолалықтарға тамыз айында жаңбырлы маусым басталатынын, сондай-ақ судың гүлденуі жүріп жатқанын, соның салдарынан оның көрсеткіштері нашарлайтынын еске салды.

Тәуекелге барудың қажеті жоқ. Бөтелкедегі немесе қайнатылған су ішу керек. Белгісіз көздерден ішпеңіздер. Ішек инфекциясына шалдықпас үшін көкөністер мен жемістерді тек таза сумен жуу керек. Өкінішке орай, бізде облыс бойынша осындай фактілер болды. Мәселен, Шортанды ауданында 150-ден астам адам медициналық көмекке жүгінген және эпидемиологиялық тексеру барысында сапасыз су тұтынғаны дәлелденген. Ең дұрысы - вирустық гепатитке қарсы вакцинация. Өткен жылмен салыстырғанда гепатитке шалдыққандар саны артқанын көріп отырмыз. Вакцина алмаған ересектер де, балалар да ауырады, - деп түсіндірді облыстың бас санитарлық дәрігері.

Қазіргі таңда әр үйдің бұрышындағы тазарту аппараттары арқылы көкшетаулықтар сатып алатын су қаншалықты сапалы? 

Жалпы, бұл сүзгілер тиімді жұмыс істейді. Бактериологиялық көрсеткіштер бойынша сәйкессіздіктер анықталған жоқ. Химиялық көрсеткіштер бойынша шамамен үш сынаманың сәйкессіздігі анықталды. Елеулі ауытқулар болған жоқ. Бұл су сапалы, оны ішуге болады. Бірақ біз оны шикі күйінде қолданбауға кеңес береміз. Өйткені, ауыз судың бәрі сапалы бола бермейді. Бәрі суды тазартатын аппарат иесіне байланысты. Егер ол сүзгіні уақытында ауыстырып отырса, онда су сапалы болады. Бірақ бұл талапты орындамайтындар да болуы мүмкін, - деп атап өтті Айнагүл Мусина.

Оның айтуынша, озондау функциясының болуы да маңызды.

Озон зарарсыздандыру үшін де қажет. Көптеген адамдар су алғанда бұған оншалықты мән бермейтінін білеміз. Бұл жағдайда су дезинфекцияланбайды. Сондықтан озондау түймесі бар болса, оны міндетті түрде пайдалану керек, - деп түйіндеді бас санитарлық дәрігер.

Өзгелердің жаңалығы