"Ауыз суды Астанадан тасуға мәжбүр". Депутат халықтың мүшкіл жағдайын айтты

20 Желтоқсан 2023, 11:30
629
Бөлісу:
"Ауыз суды Астанадан тасуға мәжбүр". Депутат халықтың мүшкіл жағдайын айтты
Фото: Мәжіліс баспасөз қызметі

Мәжілістің жалпы отырысында Үнзила Шапақ Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сұрақ қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, СҚО, БҚО, Қостанай, Қарағанды, Абай, Жетісу облыстарында ауыз суға қол жеткізу көрсеткіші орташа деңгейден төмен екенін бұрын да айтқан едік. Бүкіл елді айтпай-ақ Астана маңындағы ауыл-аймақ тұрғындары сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесінен зардап шегіп отыр. Аршалы ауданы Жібек жолы, Целиноград ауданы Қараөткел аудандарының 40 пайызы ғана ауыз сумен қамтылған. Егіндікөл және Талапкер ауылдарында ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі де өзекті. Себебі сумен жабдықтау желілері 15-тен 40 пайызға дейін тозығы жеткен. Бұл ауылдар ауыз суды Астанадан тасуға мәжбүр. Ауыл тұрғындарының көлігінің арты толған бөшкелер. Осыған орай менде сұрақ - Жібек жолы, Қараөткел, Талапкер ауылдарын орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша қандай шаралар атқарылды және ауыз су мәселесі қашан шешіледі - деді Шапақ.

Депутаттың сұрағына министрліктің өкілі жауап берді.

Аршалы ауданындағы Жәбек жолы ауылы бойынша ауыл ішіндегі желілер түгел қамтамасыз етіліп жатыр. Бірақ судың жеткіліксіздігіне байланысты Целиноград, Қараөткел ауылы 40 пайызға қамтамасыз етілді. Қазіргі таңда ауылдар бойынша бюджеттен ақша бөлінді. 2024 жылы оларды 100 пайыз ауыз сумен қатмамасыз ету жоспарлануда. Талапкер ауылы бойынша желілер қамтамасыз етілді. Су ресурстары министрлігі топтық су құбырынан жүзеге асырады. Егіндікөл бойынша Су ресурстары бойынша 4 жоба жүзеге асырылып жатыр, - деді вице-министр Тимур Қарағойшин.

Су ресурстары министрі Нұржан Нұржігітов Қажымұқан мен Талапкер ауылдары бойынша жұмыс биыл басталғанын айтты.

Су топтық құбырларын жөндеу үшін 500 млн теңге қаражат бөлінді. Мердігер анықталды. Келесі жылы қосымша 4 млрд теңге қосымша бөлінеді. Аяқтау үшін тағы 5 млрд теңге бөлінеді. 2025 жылы жұмыстар толық аяқталады. Егіндікөл бойынша жобалық-сметалық құжаттарды аяқтап, мемлекеттік сараптаманы алдық. 9 млрд 700 млн теңге бөлінді, биыл ТЖ қорынан 3 млрд теңге бөлінді. Оған екінші кезең жұмыстары атқарылады. 70 шақырым авариялық желілерді бастап кеттік 47 шақырымы ауыстырылды. Сол жұмыстардың арқасында Егіндікөл мен Қорғалжын аудандарының елді мекендері сумен қамтылу бойынша оң шешімін тапты, - деп толықтырды Нұржан Нұржігітов.

Өзгелердің жаңалығы