Алматы әуежайында қатерлі ісіктің емделмейтін түрімен ауырған бес жасар қыз жалпы тексерістен өтуге мәжбүр болған. БАҚ-тағы ақпаратқа сәйкес қыз бала әуежайдан кейін жан сақтау бөліміне түскен, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Қыздың әкесі ұшақта медициналық зембіл орнату үшін арнайы 9 орындық сатып алғанын айтқан. Ал нейрохирург қыздың жағдайына байланысты паспорттық бақылаудан жалпы негізде емес, тек медициналық орталық арқылы өтуге мүмкіндік беретіні туралы арнайы анықтама берген.
Алматы халықаралық әуежайы 12 қаңтарда Делиден Алматыға ұшқан Air Astana әуе компаниясының рейсінде болған жағдай қатысты мәлімдеме жасады.
Әуежай қызметкерлеріне медициналық бригадасы бар бөгде реанимобильдің қаладан әуежай аумағына келу қажеттілігі туралы алдын ала хабарланған жоқ. Реаномобиль сол уақытта және әуежай қызметтерінің келісімінсіз келді. Бөгде көлікті перронға жіберу үшін арнайы келісім қажет. Ол үшін рейсте жатқан жолаушы туралы ақпарат, оның диагнозы және басқа да маңызды мәліметтер рейстен кемінде 24 сағат бұрын немесе әуе кемесі қонғанға дейін 2 сағат бұрын ұсынылуы керек. Бұл ақпарат ұсынылған жоқ,- деді Алматы халықаралық әуежайы.
Олардың айтуынша, STCR командасының қызметкерлері жолаушының жағдайын көріп, әуежайдың медициналық қызметі мен жедел жәрдем көлігін шақырған.
Жолаушыны алып жүрушілер әуежайдың жедел жәрдем көлігінен бас тартты, соның салдарынан жолаушы шекаралық бақылау аймағына жеткізілді. Жолаушы шекаралық және кедендік бақылаудан әуежай қызметінің сүйемелдеуімен кезексіз, қозғалуы шектеулі жолаушы ретінде өтті. Әуежай қызметкерлері белгіленген процедуралар мен ережелерге сәйкес қатаң түрде әрекет етті. Алматы халықаралық әуежайы баланың тез сауығып кетуіне тілектес. Біз жолаушылар үшін, әсіресе ерекше қолдауды қажет ететіндер үшін қолайлы жағдай жасаудың маңыздылығын түсінеміз. Әуежайда қозғалуы шектеулі жолаушыларға, соның ішінде сырқаттары ауыр жолаушыларға арналған сүйемелдеу қызметі жұмыс істейді. Бұл қызметті алу үшін әуе компанияға немесе әуежайға алдын ала хабарлау қажет,- деді Алматы халықаралық әуежайы.