Маңғыстау облысының орталығы Ақтаудан 570 шақырым шалғай жатқан Бейнеу ауданының құрамына кіретін Боранқұл ауылында 8 мыңдай адам тұрады. Сол халықтың 200-ден астамы жергілікті кәсіпкер ашқан супермаркет, базар және мейрамханада жұмыс істейді. Негізінен ауыл шаруашылымен айналысатын ауылда жүк тасымалын қолға алған мекеменің негізін Меруерт Омарова қалады. Ол бизнесін кеңейтіп, ауылындағы біраз адамға жұмыс тауып беріп, елдің алғысын алған адам. BAQ.KZ сайтының тілшісі алақандай ауылының ұйытқысы болып отырған кәсіпкермен сөйлесіп, ауылдың тыныс-тіршілігімен танысты.
– Сіз кәсіпкерлікті бастап, өз ісіңізді бастауға не түрткі болды?
Бұл сұраққа жауап бермес бұрын, алдымен еліміздің сол кезеңдегі жағдайын еске алайық. 1990 жылдардың басы еліміз үшін үлкен өзгерістер мен сынақтардың бастауы болды. Тәуелсіздік алғаннан кейін әр салада түбегейлі реформалар жүргізіліп, халықтың өз мүмкіндігін сынап көруіне кең жол ашылды.
Құрылысшы болып, жұмыс істеп жүрген кезімде ел экономикасының жағдайы өте қиын еді. Еңбекақы уақытында түспей, жұмыс орындары бірінен соң бірі жабылып жатты. Осыншама қиындықтарға қарамастан, өзімнің кәсіби салама адал болып, еңбек еттім. Бірақ көп ұзамай өз кәсібімді ашамын деп шештім.
1995 жылы марқұм жұбайым Мұратбек Бақыұлымен бірге жол бойында шағын шайхана аштық. Бұл – біздің алғашқы қадамымыз еді. Басында бәрі қиын болды. Жаңа іс бастап жатқанда бәсекелестік жоғары болды, қаржы мен нарықтың тұрақсыздығы да аз кедергі болған жоқ. Қолымыздан келгенше жұмыс істедік. Бұл тәжірибе маған тек кәсіпкерліктің қыр-сырын үйретіп қана қоймай, табандылық пен тұрақтылықтың қаншалықты маңызды екенін түсіндірді.
– Бейнеу ауданының адамдарымен сөйлескенде, біразы сізді ауыл жұртына қайыры тиген меценат деп айтты. Қазіргі уақытта қандай жобалармен айналысып жатырсыз?
Жұмысты сонау 2007 жылдан бастадық. Ерінбей еңбек етіп, ашқан кәсібіміз арқылы түрлі жобаларды жүзеге асырдық. Ең маңызды жобаларымыздың бірі – Боранқұл ауылындағы мейрамхана. Шет жақта орналасқан ауылда ашылған мейрамхана халықтың мерекелік іс-шараларына арналған тамаша орынға айналды.
2009 жылы Боранқұл ауылында 2 қабатты жабық базар салып, жергілікті тұрғындарға ыңғайлы сауда алаңын жасап бердік. Бұл базар ауыл экономикасының дамуына оң әсерін тигізді. Ал 2016 жылы Атырау–Ақтау тас жолы бойында арнайы кешенін тұрғыздық. Бұл кешен – жолаушылар үшін жайлы әрі қажетті толық қызмет жасайтын бірегей нысан.
Сонымен қатар ауыл жастарының спортқа қызығушылығын арттыру үшін заманауи футбол алаңын салдық. Бұл алаң ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізіп, спортта үлкен жетістіктерге жетуіне себеп болды.
Қолымнан келгенше қайырымды болу - менің ең басты ұстанымдарымның бірі. 2009 жылы ауыл балаларын жазғы лагерге жіберу үшін 1 200 000 теңге қаражат бөлдім.
2014 жылы Боранқұл ауылындағы балалар алаңын салу үшін 18 миллион теңге қарастырдық. Бұл балалар алаңы осында тұратын балалар үшін спортпен шұғылдануға зор мүмкіндік болды. Бұдан бөлек, ауыл мешітінің құрылысын аяқтауға да 20 миллион теңге бөлінді.
2018 жылы ауыл жастар арасында дзюдо күресінен турнир өткізіп, 150-ден астам спортшыға өз потенциалын көрсетуге мүмкіндік бердік. Турнир жеңімпаздарына ақшалай сыйлықтар мен естелік медальдар табыстадық. Бұл шараның негізгі мақсаты - жастарды спортқа баулып, салауатты өмір салтын насихаттау.
– Біраз кәсіпкерлердің сыналған тұсы ковид пандемиясы болды. Осы кезеңді қалай еңсердіңіздер?
Пандемия барлық адам үшін қиын кезең болды. Осы уақытта ауыл мектептерінде оқитын, жағдайы төмен отбасылардан шыққан балаларға ұялы телефон алып беруге қол ұшын создық. Бұл, әлбетте, балалардың қашықтан білім алуына үлкен көмек болды. Мектептерге цифрлы кабинеттер ашу үшін де қаражат бөлдік. Бұл құралдар оқушылардың заманауи технологияларды пайдаланып, сапалы білім алуына жағдай жасады.
Сонымен қатар ауыл тұрғындарына бетперделер мен антисептиктерді тегін таратумен айналыстым. Қиын-қыстау сәтте халыққа қолдау көрсету – біздің азаматтық парызымыз деп санаймын.
– Ауыл жастарын қалай қолдап жатырсыз? Ауыл тұрғындары сізді нағыз еңбек адамы дейді.
Жастар – елдің болашағы. Сол себепті оларға қолдау көрсету – мен үшін үлкен мәртебе. 2024 жылы Елдос Сметов Парижде жазғы олимпиада ойындарынан дзюдо күресінен алтын медаль алып, ел мерейін өсірді. Онсыз да шынығып, ширақ балуандарымыз ауылымыздың атын алысқа әуелетсін деп, Елдостай болсын деп, Боранқұл мектебінің спорт залына татами алуға көмектестік. Бұл ауыл жастарының дзюдодан бөлек, басқа спорт түрлерімен айналысуына да зор мүмкіндік берді.
– Ауылыңызды көркейту үшін тағы не істемексіз? Қандай мақсатыңыз бар?
Жалпы адал еңбекпен келген іс несібелі болады дейді ғой. Сол адал табысымыздың бір бөлігін өз туған ауылымызға жұмсауды әр кәсіпкердің парызы деп білемін. Алдағы уақытта ауылдың инфрақұрылымын жақсарту үшін барымды саламын. Ауыл көшелеріне асфальт төсеп, заманауи емхана салғым келеді. Білім беру саласында үш тілде оқыту жүйесін одан әрі дамытып, мектептерге көбірек заманауи техникалар алып беру жоспарымда бар.
– Сұхбатыңызға рақмет! Барлық ісіңізге сәттілік тілейміз.
Сізге де рақмет! Ауылымыздың өркендеуіне үлес қосу – менің басты парызым. Елдің қолдауына сүйеніп, алдағы уақытта да осы жолда еңбек ете беремін.
Еркін Болатов