Шымкентте ауылшаруашылыққа қатысты 34 жоба жүзеге асады

28 Сәуір 2019, 16:07
1849
Бөлісу:
Шымкентте ауылшаруашылыққа қатысты 34 жоба жүзеге асады
Фото: автордан

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкентте ауылшаруашылық саласына қатысты жалпы сомасы 25 млрд теңгеден асатын 35 жоба жүзеге асырылады. Оның басым бөлігі «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы, яғни тұрмыстық экономика бойынша жалпы сомасы 13 млрд теңгеге жуық 23 жоба бар. 

Бұл туралы Шымкент қаласы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Асқар Қаныбеков биылдың I тоқсанында атқарылған жұмыстардың есебіне арналған брифингте мәлімдеді.

Басқарма басшысының айтуынша, 2019 жылдың I тоқсанында Шымкентте барлық сомасы 4 млрд теңгеден астам ауылшаруашылық өнімі өндірілген. Соның басым бөлігі, яғни 3,5 млрд теңгеден астамы мал шаруашылығының үлесінде екен.

«Биылдың бірінші тоқсанында Шымкент қаласының ауыл шаруашылығына қатысты экспорт пен импорт көлеміне қарасақ, мынадай есепті көреміз. 202 бас ірі қара мал, 872 бас уақ мал, 10 бас жылқы, 2242 бас құс, 43,7 тонна қой еті, 27,5 тонна консервіленген балық, 12 904 тонна мал азығы, 90,8 тонна жүн, 13 274 тонна басты пияз, 1 412 тонна томат, 3 097 тонна капуста, 131 тонна тұрып, 593 тонна сәбіз, 606 тонна алма, 91 245 тонна ұн, 65 тонна жүгері, 25 335 тонна картоп, 372 тонна макарон, 1 227 тонна мақсары тұқымы және тағы басқа өнімдер экспортталды. Ал импортқа келсек, 74 160 дана инкубациялық жұмыртқа, 155,5 тонна ет өнімдері (колбаса), 294,6 тонна балық, 66,7 тонна сүт өнімдері, 118,8 тонна құсқа арналған азық, 108 тонна банан, 18 950 дана көшет импортталды»,- дейді Асқар Қаныбеков.

Оның сөзінше, қазір қаладағы аграрлық саланы қаржыландыру, яғни несиелендіру, субсидия берудің барлығы цифрлық жүйеге өтіп жатыр. Қазіргі таңда барлық субсидиялар заңнамаға сәйкес www.qoldau.kz электронды порталы арқылы жүзеге асырылады екен.

Сондай-ақ, қазіргі таңда Шымкент қаласының аумағындағы су жүйелерін Түркістан облысының балансынан қалаға өткізу жұмыстары аяқталуға жақын.

«Қала аумағында 27 канал бар, оның біреуі жекеменшікте, қалған 26-сы коммуналды меншікте. Осы су нысандарының (каналдардың) күтіп ұстау жұмыстарын жүргізу мақсатында «Шымкент сушар» МКК құрылды. Қазіргі таңда, Басқармаға Түркістан облыстық «Табиғат қорғау» МКК меншігінен «Ақжар» және «Текесу» су қоймалары өткізілді. Сонымен қатар, Республикалық меншіктен «Бадам магистраль» каналын қабылдау жұмыстары жүргізіліп, МКК меншігіне берілді», - дейді Асқар Қаныбеков.

Өзгелердің жаңалығы