Өмірде ердің де, әйелдің де бейнетін бір өзі арқалайтын адамдар болады. Олар ешқашан тағдырға кінә артпай, кез келген қиындықты еңсеріп әкететін оптимист жандар. Сондай қайсар жанның бірі – пошташы Ғалия Жұмабекова. BAQ.KZ тілшісі осы бір жігерлі жанның өмір жолын көпке үлгі қылып көрсетпек ниетте тілдесіп қайтты.
Кез келген қоғамның даму деңгейі мен рухани биіктігі – алдымен қарапайым еңбек адамдарының жағдайына, олардың еңбегінің бағалануына тікелей байланысты. Аспандағы ұшақтан бастап, алыстағы ауылдағы сәлемдемеге дейінгі барлық қозғалыс – сол адамдардың маңдай терімен жүзеге асады. Электр жарығы, ауызсу, жол, пошта, байланыс – бәрі де біреудің тынымсыз еңбегінің, күнделікті қажыр-қайратының арқасында жұмыс істеп тұр. Бірақ өкінішке қарай, осы тіршіліктің тынымсыз тірегіне айналған жандардың аты көп жағдайда атала бермейді. Ал шын мәнінде, ел ішіндегі тұрақтылық пен адам арасындағы сенімді ұстап тұрған – дәл осы қарапайым жұмысшы мамандық иелері. Ауыл деген – адамға ең жақын орта. Бұл жерде әркім бір-бірін таниды, әр үйде бір тағдыр, әр көшеде бір тарих жатыр. Сол ауылдың тамырын ұстап тұрған, сырт көзге елеусіз көрінетін, бірақ ел ішіндегі үйлесімділікке зор үлес қосып жүрген жандар болады. Жамбыл ауданына қарасты Қызылқайнар ауылдық округінде сондай бір еңбекқор жан бар. Ол – Ғалия Жұмабекова. Ол – ауылдағы пошта бөлімшесінің басшысы ғана емес, сонымен бірге операторы, зейнетақы таратушысы, ал ең бастысы – ел мен елді, адам мен адамды байланыстырып жүрген сенімді көпір.
Қызылқайнар байланыс бөлімшесі шағын ғана, бір қабатты ескі ғимаратта орналасқан. Ішіне кірсеңіз, бірнеше үстел мен есепке алу қағаздары, компьютер және әр күні түсіп отыратын газет-журнал топтамалары қарсы алады. Бұл жердің иесі – Ғалия апай. Ол – жалғыз өзі бірнеше қызметті атқарып жүрген бірден-бір маман. Ауыл ішіндегі хат-хабарды таратып, зейнетақы мен жәрдемақыны уақтылы жеткізіп, газет-журнал таратумен қатар, бөлімшенің күнделікті ішкі жұмыстары мен есеп-қисабын жүргізіп келеді.
Пошташы – ауылдағы ең тұрақты байланыс құралы. Әсіресе қарт кісілер үшін менің келуім үлкен жаңалықтай. Зейнетақы алып беріп, хат-хабарларын жеткізіп, газет-журналын үлестіріп бергеннен кейін, кейбірі өз баласындай еркелеп те алады. Осы сәттер менің жанымды жадыратады, – дейді Ғалия апай әңгіме арасында.
Ғалия Жұмабекова – тағдырдың салған ауыр жолынан қаймықпай өткен әйел. Ол – төрт баланы жалғыз өзі тәрбиелеп өсірген жалғызбасты ана. Таңмен таласа тұрып, кеш қарайғанша жұмыс істейтін ол бала тәрбиесін де, қызметін де қатар алып жүрген жан. Ең бастысы – өмірге өкпе артпай, қайта шүкіршілік етіп, әр күнге қуанышпен қарауға үйренген.
Балаларым – менің бар байлығым. Олар үшін ештеңеден аянған емеспін. Қолымда бары – еңбегім. Таңертең жұмысқа шыққанда, үйде ешкімге салмақ салмай, өзімді де, балаларымды да тек адал еңбектің күшімен жеткізуді мақсат еттім, – дейді ол.
Қарапайым ғана ауыл әйелінің осы сөздерінен үлкен адамгершілікті, төзімділікті және аналық мейірімді сезуге болады.
Ғалия апайдың жұмысы тек пошта қызметімен шектелмейді. Ол – халықтың көңіл күйінің де өлшеуіші. Ауыл ішінде кім ауырып қалды, кімге көмек қажет – соның бәрін алғашқы болып білетін де – осы пошташы. Әр үйге кірген сайын хал-жағдай сұрап, ақсақалдың ақ тілегін алып, келіншектің уайымын бөлісіп жүретін де – сол.
Пошта – байланыс құралы ғана емес, бұл – сенім. Адамдар саған хат, ақша, тіпті үміт тапсырады. Бұл сенімге селкеу түсірмеу – менің ең үлкен міндетім, – дейді ол.
Пандемия жылдары бұл жауапкершілік екі еселенді. Ауыл ішін аралап, сыртқа шыға алмай отырған үлкен кісілерге зейнетақысын жеткізіп, қажетті газеттерін, сәлемдемелерін апарып жүрген кезде, Ғалия апай адамға деген ықыластың қаншалық маңызды екенін жан-тәнімен сезінді.
Кезінде поштаның жұмысы түгелімен қолмен жүргізілетін. Қазір заман өзгерді. Барлық есеп-қисап, деректер базасы – цифрлы форматта. Компьютерлік бағдарлама арқылы әрбір клиенттің дерегі тіркеліп, сәлемдеме мен ақша аударымдары бақылауда ұсталады. Ғалия апай бұл өзгерістерге де ілесіп, барлығын меңгеріп алған.
Заман талабына сай жұмыс істеу керек. Жаңа жүйелерге тез бейімделуіме балаларым көмектесті. Компьютермен жұмыс істей алу – қазіргі пошташы үшін ауадай қажет дағды, – дейді ол күлімсіреп.
Ғалия Жұмабекованы ауылдастары ерекше сыйлайды. Қайырымдылық шараларына қатысады, мерекелерде ардагерлерді құттықтауға барады, жастарға бағыт-бағдар береді. Ол – ауыл өмірінің белсенді мүшесі. Көпшілік оны тек пошташы емес, ауылдың ақылшысы ретінде де қабылдайды. Иә, расында Ғалия Жұмабекованың есімі Қызылқайнар ауылының әр тұрғынына жақсы таныс. Таныс қана емес, жүректерге жақын. Себебі ол тек пошта қызметкері ғана емес, әрбір үйдің күтімді қонағы, ауыл ішінің тынысын ұғып, жан жылуын жеткізіп жүретін абыройлы жан. Біз кейіпкеріміз туралы ауыл тұрғындарының өз аузынан пікір алдық. Айтылған әрбір сөз – шын ықылас, ел алғысы.
Ауылдың ардагері Сәлімхан атаны әңгімеге тартқанымызда былай деді:
Менің жасым биыл жетпістің сегізіне келді. Зейнетке шыққалы бері пошта қызметінсіз бір күнім өткен емес. Бұрындары хат күтіп жүретінбіз, қазір газет-журнал, зейнетақы – бәрі сол пошта арқылы келеді. Ғалия қызым – бізге жыл сайын емес, күн сайын керек адам. Аптасына бір-екі рет келіп тұрады, жаңалық айтады, газетімізді, кейде дәрімізді да жеткізіп береді. Оның көңілі де, сөзі де жылы. Үйге кірген сайын амандық сұрап, шай ішіп кетпесе де, шын ықыласпен қоштасып шығады. Көңіліміз өсіп қалады. Біз сияқты қарттарға ең үлкен керек нәрсе – бір ауыз жылы сөз бен назар. Міне, осыны Ғалия түсінеді. Ондай кісіге тек алғыс айтасың.
Қызылқайнарда мен талай пошташы көрдім. Бірақ Ғалиядай ісіне тиянақты, жүзі жылы, сөзі жайлы адам сирек. Ғалия – өте еңбекқор, ақжарқын, жүзі жылы жан. Оның қолынан хат алғанның өзі бір қуаныш. Ол келгенде бүкіл үй шатырап қалады. Себебі оның жүзімен бірге ауылдың жаңалығы, елдің амандығы келеді, – дейді Күләш апа.
Ғалия Жұмабекова – ауыл ішіндегі тыныштық пен тұрақтылықтың, сенім мен салиқалылықтың символы. Ол – пошта қызметкері ғана емес, нағыз еңбек адамы, мызғымас тірек. Оның өмірі мен қызметі – бүгінгі жастарға, болашақ мамандарға үлгі боларлық. Пошта қызметінің қарапайым көрінетін тұсында қаншама адам тағдыры, ауыл тіршілігі жатыр. Бұл жол – ақ жүректі адамдардың жолы. Бұл жол – Ғалия апайдың жолы.
Осындай жандар тұрғанда ауыл өмірі ешқашан тоқтамайды. Олар ауылды алға сүйрейтін қарапайым, бірақ мықты тұлғалар. Ал Ғалия Жұмабекова – сол тұлғалардың алдыңғы қатарында.
…Уақыт алға жылжып, қоғам түрленген сайын түрлі мамандықтар өзгеруі мүмкін, бірақ қарапайым еңбек иелерінің маңызы ешқашан кемімек емес. Қолымен жұмыс істейтін, маңдай терімен өмір сүретін жандар – елдің шын мәніндегі тірегі. Олар – дабырасыз өмір сүріп, даңқсыз қызмет ететін, бірақ елге ең қажетті адамдар. Мұндай жандардың өмірі мен еңбегі – жас ұрпаққа бағыт, болашаққа бағдар. Сондықтан біз еңбек адамдарын тек көктемдегі мерекелерде ғана емес, күнделікті тіршілікте де дәріптеп, олардың қарапайымдылығындағы ұлылығын ұғынуға тиіспіз.