Ауылдарға интернет қашан толық жетеді? Цифрлық министрлік жауап берді

14 Қазан 2026, 12:38
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов 14 Қазан 2026, 12:38
14 Қазан 2026, 12:38
167
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов

Қазақстандағы ауылдардың 92%-ын 2027 жылдың соңына дейін сымды интернетпен қамту жоспарланып отыр. Ал мобильді интернет бойынша жұмыстар 2029 жылдың соңына дейін аяқталмақ. Бұл туралы Құрылтайдың жалпы отырысында Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин депутат Рабиға Төксейітованың сұрағына жауап беріп, мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Құрылтай депутаты Рабиға Төксейітова қала мен ауыл арасындағы цифрлық алшақтықты жою және халықты жоғары жылдамдықты интернетпен 100% қамтамасыз ету мерзімін сұрады.

Оның айтуынша, 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында кең жолақты интернет желілерін және жаңа оптикалық байланыс желілерін салуға 102,9 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде 2027 жылы 24,6 млрд теңге бөлінбек.

Бұл қаражат 3 008 ауылдық елді мекенді және 5 885 қосылу нүктесін интернетке қосуға бағытталады. Жоғары жылдамдықты интернетпен мектептер, кеден бекеттері, мемлекеттік мекемелер және бюджеттік ұйымдар қамтылмақ.

Осыған байланысты депутат жоғары жылдамдықты интернетке қала мен ауыл тұрғындарының 100% қашан қол жеткізетінін сұрады.

Депутаттық корпус бұл мәселені үнемі көтеріп келеді. Бірақ жыл сайын бұл жұмыс келесі жылы міндетті түрде аяқталатыны айтылып келеді. Қала мен ауыл тұрғындары арасындағы цифрлық теңсіздік қашан жойылады? – деді Рабиға Төксейітова.

Министрлік өкілінің айтуынша, халықты интернетпен қамтамасыз ету жұмыстары төрт негізгі бағыт бойынша жүргізіліп жатыр.

Бірінші бағыт – ауылдық елді мекендерге тұрақты, яғни сымды интернет желісін жеткізу. Осы мақсатта «Қазақтелеком» АҚ-мен инвестициялық келісім жасалған. Қазір 3 мыңға жуық ауылдық елді мекенде тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл жұмысты 2027 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Екінші бағыт – оптикалық желіні ауылдың өзіне ғана емес, тұрғын үйлерге дейін жеткізу. Осы мақсатта Дүниежүзілік банктің қаржыландыруы тартылып, шағын және өңірлік операторларға гранттық субсидия беру тетігі іске асырылуда.

Қазір бұл бағдарлама аясында мыңнан астам ауылдық елді мекенде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы жобалардың нәтижесінде 2027 жылдың соңына дейін ауылдық елді мекендердің 92%-ын сымды интернетпен қамту көзделген.

Министрлік өкілінің айтуынша, бұл көрсеткіш ел халқының шамамен 99%-ын қамтуға мүмкіндік береді.

Ал қалған 8% ауылдық елді мекен спутниктік интернет арқылы қамтылады. Бұл ретте Starlink және OneWeb технологиялары пайдаланылмақ. Сонымен қатар 360 ауылдық елді мекенде спутниктік интернет арқылы қоғамдық Wi-Fi-ға тегін қолжетімділік қамтамасыз етілген.

Төртінші бағыт – мобильді интернетті дамыту.

Бұл бағытта байланыс операторларының лицензиялық және қарсы міндеттемелері аясында қолданыстағы 4G базалық станцияларын жаңғырту жоспарланған. Жұмыстар халық саны 250 адамнан асатын ауылдық елді мекендерде және қалаларда жүргізіледі, - деді Коняшкин.

Жоспарға сәйкес, мобильді интернет бойынша бұл жұмыстарды 2029 жылдың соңына дейін байланыс операторларының өз қаражаты есебінен аяқтау көзделген.

Наверх