Ауылдан басталған арман

Несие алып, несібесін арттырған жас кәсіп иесі – Рахима Бекмұханбетова.

 Бүгiн 2026, 07:38
Бүгiн 2026, 07:38
180

"Ауыл аманаты" бағдарламасының мүмкіндігін тиімді пайдаланып, арнайы білім алып, кәсіп бастағандардың бірі – Рахима Бекмұханбетова. Бүгінде ол ауыл тұрғындарына бет әрлеу және шаш қию қызметін ұсынып, өз ісін нық сеніммен жүргізіп келеді. Ауылдан басталған шағын қадам үлкен мақсаттарға жол ашты. BAQ.KZ тілшісі жаңа бағытта табысқа жеткен ауыл кәсіпкерімен сұхбаттасты.

Ауыл әйелінің қолынан тек ошақ қасы мен бала тәрбиесі ғана келеді деген түсінік бүгінде өзгерді. Қазіргі қазақ әйелінің бейнесі – отбасының ұйытқысы ғана емес, қоғамның белсенді мүшесі, өз ісін дөңгелеткен кәсіпкер. Соның жарқын мысалы – Жамбыл облысы, Бесағаш ауылының тумасы, үш баланың анасы Рахима Бекмұханбетова. Рахима декреттік демалысқа дейін Қазақстандағы ең ірі дәріхана желілерінің бірі – "Садыхан" дәріханасында фармацевт болып еңбек еткен. Жауапкершілігі жоғары салада тәжірибе жинақтап, халықпен жұмыс істеудің қыр-сырын меңгерген ол әрдайым ізденіс үстінде жүрген жан. Алайда ана атанып, декреттік демалысқа шыққан кезде өміріне жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік алды. Үйде бала тәрбиесімен айналыса жүріп, өзінің бұрыннан қызығушылық танытқан сұлулық саласына бет бұруға бел буды. "Ауыл аманаты" бағдарламасының мүмкіндігін тиімді пайдаланып, арнайы білім алып, кәсібін бастады. Бүгінде ол ауыл тұрғындарына бет әрлеу және шаш қию қызметін ұсынып, өз ісін нық сеніммен жүргізіп келеді. Ауылдан басталған шағын қадам үлкен мақсаттарға жол ашты. BAQ.KZ тілшісі жаңа бағытта табысқа жеткен ауыл кәсіпкерімен сұхбаттасты.

– Алдымен өзіңіз туралы айтып өтсеңіз.

– Мен Жамбыл облысы Бесағаш ауылында туып-өстім. Қазір осы ауылдың келінімін. Үш баланың анасымын. Бар ғұмырым осы ауылмен тығыз байланысты. Ауыл – менің тамырым, өмірімнің негізі. Бүгінде осы елдің келіні атанып, қара шаңырақтың түтінін түтетіп отырмын.

– Кәсіп бастау идеясы қалай келді?

–  Ана болу – мен үшін ең үлкен бақыт әрі жауапкершілік. Бірақ аналық міндетпен қатар, өз арманымды да ұмытқым келмеді. Менің кәсіпкерлік жолым декреттік демалыста басталды. Үйде отырып, балаларымды бағып-қағып жүрген кезім еді. Сол уақытта өзімді дамытудың жолын іздей бастадым. Бала күту – үлкен еңбек, дегенмен жан дүнием шығармашылықты қалады. Бет әрлеу мен шаш қию өнеріне бұрыннан қызығатынмын. Алайда бұл саланы кәсіби түрде бастауға жүрексіндім. Қорқыныш болды, сенімсіздік болды. «Қолымнан келе ме?» деген сауал мазалайтын. Сол сәтте жолдасым маған үлкен қолдау көрсетті. Ол менің қабілетіме сенді. «Талпынып көр, қолыңнан келеді» деген сөзі демеу болды. Осылайша мен бет әрлеу, шаш қию, қас теру қысқа мерзімді курстарды оқыдым. Бастапқыда туған-туыстарыма тәжірибе ретінде үйрендім, кейіннен ауыл естіп, бір тұрақты орын қажет екенін шештім. Осы оймен жүргенде ауыл азаматтары арқылы «Ауыл аманаты» бағдарламасын естідім, сол арқылы жеңілдетілген несие алып, кәсіп бастауға бел будым. Бұл мүмкіндік мен үшін үлкен серпіліс болды.

– Қорқыныш болды ма?

– Әрине, болды. "Қолымнан келе ме?", "Ауылда бұл іс жүре ме?" деген сұрақтар мазалады. Бірақ қызығушылығым басым болды. Оның үстіне жолдасым үлкен қолдау көрсетті. Сол сенім мені алға жетеледі. 2025 жылдың жазында арнайы оқуға қабылдандым. Оқу барысында бет әрлеу мен шаш қиюдың қыр-сырын терең меңгердім десем болады. Өйткені, тәжірибелі мамандардан тәлім алып, әр күн сайын жаңа білім үйренуге тырыстым. Ауылдастарымның алғысын алу – ең үлкен марапатым. Әрбір келіншектің жүзінен қуаныш көргенде, еңбегімнің ақталғанын сеземін. Сұлулық саласы – тек қызмет көрсету емес, адамның көңіл күйіне әсер ету. Кейде бір шаш үлгісі немесе әдемі макияж адамның өзіне деген сенімін оятады. Мен соған үлес қосып жүргеніме қуанамын.

– "Ауыл аманаты" бағдарламасының артықшылығы айта өтсеңіз?

– "Ауыл аманаты" бағдарламасы мен үшін шын мәнінде үлкен мүмкіндік болды. Ауылда отырып кәсіп бастауға нақты қолдау алу – әркімге бұйыра бермейтін бақ. Бұл бағдарлама маған өз ісімді бастауға қаржылай әрі моральдық тұрғыдан демеу көрсетті. Ең бастысы – өзіме деген сенімімді арттырды. Бұрын тек ой деңгейінде жүрген жоспарымды жүзеге асыруға жол ашылды. Кәсіп бастау үшін тек ниет аз, мүмкіндік те қажет екен. Осы бағдарлама сол мүмкіндіктің кілтін ұстатты. Батыл шешім қабылдап, сұлулық саласына қадам бастым. Алғашқы кезде қобалжу болды, себебі ауылда кәсіп бастау оңай емес. Ауыл тұрғындарының сұранысын дөп басу керек. Оның үстіне бәсекелестік те жоқ емес. Дегенмен мүмкіндік бар жерде әрекет ету керек деп шештім. Бастапқыда клиенттер саны аз болды. Кей күндері мүлде адам келмей қалған сәттер де кездесті. Бірақ мен мойымадым. Әр келген клиентке барынша сапалы қызмет көрсетуге тырыстым. Уақыт өте келе еңбегімнің нәтижесін көре бастадым. Бір клиент екіншісіне айтып, тұтынушылар қатары көбейді. Сенім қалыптаса бастады. Қазір тұрақты келетін клиенттерім бар. Мен үшін ең бастысы – сапалы қызмет пен адал еңбек. Себебі адал еңбектің ғана берекесі болады деп сенемін.

– Ауылда кәсіп жүргізудің ерекшелігі қандай?

– Ауылда кәсіп жүргізудің өзіндік ерекшелігі көп. Ең алдымен, ауылда бәрі бір-бірін таниды. Кімнің қандай іс бастап жатқанын жұрт тез біледі. Сондықтан мұнда сенім ең басты орында тұрады. Егер халықтың сеніміне кірсең, ісің алға басады. Ал сенімнен айырылсаң, қайта қалпына келтіру қиын. Ауыл тұрғындары қызметтің сапасына ерекше мән береді. Себебі олар бір рет көріп қана қоймай, тұрақты түрде келуі мүмкін. Мұнда жарнама да ауыздан-ауызға тарайды. Бір адам риза болса, ол тағы бірнеше адамға айтып келеді. Сол сияқты көңілі толмаса да тез таралады. Сондықтан әр клиентке жауапкершілікпен қарау керек. Мен үшін әр келген адам – аманат. Басында клиент өте аз болды. Кейде күні бойы бір-екі адам ғана келетін. Ондай сәттерде уайым да болды. «Дұрыс жол таңдадым ба?» деген ой мазалайтын. Бірақ мен сападан ешқашан төмендеген емеспін. Әр адамға бар білімім мен ынтамды салдым. Уақыт өте келе адамдар біртіндеп келе бастады. Тұрақты тұтынушылар пайда болды. Олар мені өзгелерге ұсынды. Ауылда абырой жинау – үлкен жетістік. Себебі мұнда атақ емес, адал еңбек бағаланады. Тағы бір ерекшелік – ауыл адамдары шынайылықты жақсы көреді. Жасандылықты бірден байқайды. Сондықтан қарапайым болу маңызды. Клиентпен жылы сөйлесу де үлкен рөл атқарады. Қазір шүкір, еңбегімнің жемісін көріп отырмын. Ауылда кәсіп жүргізу – жауапкершілігі мол іс. Бірақ шын ниетпен істесең, халық әрдайым қолдайды.

– Болашақ жоспарыңыз қандай?

– Мен алдағы уақытта осы саланы одан әрі дамытуды көздеп отырмын. Қазіргі жеткен жетістігім – мен үшін тек бастамасы ғана. Әлі де үйренерім, меңгерерім көп деп есептеймін. Сұлулық саласы күн сайын жаңарып отырады. Сондықтан заман талабына сай болу үшін үнемі ізденіс қажет. Білімімді жетілдіріп, біліктілігімді арттырғым келеді. Арнайы шеберлік сабақтарына қатысуды жоспарлап отырмын. Танымал мамандардан тәжірибе алмасу – басты мақсаттарымның бірі. Жаңа трендтерді меңгеріп, заманауи бағытта жұмыс істегім келеді. Әсіресе табиғи әрі сапалы қызмет көрсетуге басымдық бергім келеді. Болашақта кәсібімді кеңейтсем деймін. Заманауи құрал-жабдықтар сатып алу жоспарда бар. Қызмет түрлерін көбейтуді де ойластырып жүрмін. Мысалы, тек бет әрлеу мен шаш қию емес, басқа да сұлулық қызметтерін енгізгім келеді. Ауыл тұрғындарына таңдау мүмкіндігін ұсыну маңызды деп санаймын. Себебі қазір ауыл адамдарының да талғамы жоғары. Олар сапалы әрі кәсіби қызметті қалайды. Арманым – ауылымда шағын, бірақ заманауи сұлулық орталығын ашу. Іші жарық, жайлы, талапқа сай орын болса деймін. Әрбір келген жан өзін ерекше сезінсе екен деймін. Ауыл жастары үлкен қалаларға бармай-ақ сапалы қызмет ала алса деген тілегім бар. Себебі кейде қарапайым қызмет үшін қалаға қатынауға тура келеді. Бұл уақыт пен қаражатты талап етеді. Егер сондай мүмкіндік ауылда болса, бәріне тиімді болар еді. Және қасыма қосымша маман алғым келеді.  Мен өз жолымды ауылдан бастадым және соны мақтан тұтамын. Ауыл – менің тамырым, тірегім. Осында туып-өстім, осында еңбек етіп жүрмін. Өз жетістігімді туған жеріммен байланыстырамын. Болашақта тағы да жаңа жобаларды қолға алғым келеді. Мүмкіндік болса, ауыл жастарына шағын оқу курстарын өткізсем деймін. Өзім үйренген білімімді басқалармен бөлісу – үлкен сауап деп білемін. Әсіресе жас аналарға қолдау көрсеткім келеді. Себебі мен де декреттен бастап, қадам жасаған жанмын. Қорқыныштың артында үлкен мүмкіндік тұрғанын түсіндім. Сондықтан әрбір қыз-келіншек өз ісін бастауға лайық деп ойлаймын. Адамда ниет болса, жол табылады. Бастысы – батылдық пен еңбек. Мен алдағы уақытта да тоқтап қалмай, үнемі дамуға тырысамын. Себебі даму – табыстың кепілі. Ең үлкен мақсатым – ауылымның өркендеуіне өз үлесімді қосу.

– Жас аналар мен жастарға айтар кеңесіңіз?

– Әсіресе жас аналарға айтарым бар. Декрет – тек үзіліс емес, жаңа бастаманың мүмкіндігі. Ешнәрсені бастауға ешқашан кеш емес. Көрмей өкінгеннен гөрі, жасап көрген дұрыс. Қателік болса, ол – тәжірибе. Ал әрекетсіздік – ең үлкен өкініш. Менің бүгінгі жетістігім – батыл қадамның нәтижесі.  Ауылдан басталған шағын қадам – менің үлкен арманыма жол ашты.

Бүгінде үш баланың анасы тек отбасының ұйытқысы ғана емес, ауылдағы жас кәсіпкердің жарқын үлгісіне айналып отыр

Осылайша, ауылдан басталған арман бүгінгі күні нақты іске айналып отыр. Қарапайым ғана декреттік демалыс үлкен мүмкіндіктің бастауы болды. Жас ананың батылдығы мен табандылығы көпке үлгі. Ол қорқынышын жеңе білді. Өзіне сенім артты. Отбасының қолдауын тірек етті. Мемлекеттік бағдарламаның мүмкіндігін тиімді пайдаланды. Ең бастысы – әрекет етті. Ауыл жағдайында кәсіп бастау оңай емес. Дегенмен табысқа жетудің жолы – адал еңбек. Ол осы қағиданы берік ұстанды. Әр клиентке жауапкершілікпен қарады. Сапаны бірінші орынға қойды. Сенімге селкеу түсірмеуге тырысты. Соның нәтижесінде тұрақты тұтынушылар қалыптасты. Ауылда абырой – ең үлкен капитал.  Ол осы абыройды еңбегімен жинады. Жас ананың кәсібі бүгінде нық қадаммен дамып келеді. Алдағы жоспарлары да айқын. Заманауи талаптарға сай болуды көздейді. Ауылында сұлулық орталығын ашуды армандайды. Әйел адамның тек отбасы аясында шектелмейтінін дәлелдейді. Ана болу мен кәсіпті қатар алып жүруге болатынын көрсетеді. Ауыл қыздарына сенім сыйлайтын мысал. Осындай жандар барда ауылдың болашағы жарқын болмақ.

Наверх