2024 жылы 6,7 мыңнан астам адам ауылдық жерден қоныс аударған. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мәжілістегі "Ауыл" партиясы фракциясының жетекшісі, депутат Серік Егізбаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың мәліметінше, бұл көрсеткіштің артуына жұмыссыздық пен инфрақұрылым тапшылығы тікелей әсер етіп отыр.
Микрокредит пен жеңілдетілген несиелер – тек құрал. Бірақ ауылда тұрақты жұмыс орны, қолжетімді баспана, мектеп, медицина және мәдени нысандар болмаса, мұндай бағдарламалар ұзақмерзімді нәтиже бермейді, – деді Егізбаев.
Оның айтуынша, Жоғары аудиторлық палата да ауылдан көшу үрдісін арнайы атап өткен.
Мемлекет фермерлерге 285 млрд теңге қарыз.
Серік Егізбаев өз сөзінде фермерлер алдындағы мемлекет қарызына да тоқталды. Бүгінде бұл берешек 285 млрд теңгені құрап отыр.
Үкімет бұл берешекті жыл соңына дейін өтеуге уәде берді. Біз, “Ауыл” партиясының фракциясы мен Аграрлық мәселелер комитетінің депутаттары, бұл уәдеге сенім артамыз, – деді ол.
Депутат көктемгі дала жұмыстарын жүргізу және фермерлердің айналым қаражатын толықтыру үшін жеңілдетілген несиелеу тәжірибесін кеңейтуді ұсынды.
Осы орайда, “Ауыл” партиясының фракциясы 5 пайыздық жеңілдетілген кредиттеуге кезең-кезеңімен көшуді толық қолдайды, – деп түйіндеді фракция жетекшісі.
Осыған дейін Қаржы министрі Мәди Тәкиев 2024 жылы жалпы ішкі өнім 4,8 пайызға өскенін мәлімдеген еді. Бұл негізі мұнайға қатысты емес сектор есебінен қамтамасыз етілді. Биыл 5 айдың қортындысы бойынша жалпы ішкі өнім өсуі 6 пайызға жетті.