Қазақстанның соңғы жаңалықтары

“Ауылда үй болса, қалаға көшпейтін едік”: Баспана жырын шешетін ұсыныс көтерілді

Бөлісу:
 BAQ.KZ архиві/Нұрасыл Ержанов
Фото: BAQ.KZ архиві/Нұрасыл Ержанов

Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов ауылдық елді-мекендерде тұрғын үй салу мәселесін көтеріп, Үкіметке нақты ұсыныстарын таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың айтуынша, өңірлерге және ауылдарға жасалған сапарлар барысында тұрғындардың ең көп көтеретін мәселесі – ауылдағы тұрғын үй тапшылығы. Ауыл халқы, әсіресе жастар мен жас отбасылар, «үй болса, ауылда қалар едік», «тұратын баспана жоқ болғандықтан қалаға көшуге мәжбүрміз» деп шағымданады.

Бұл мәселе ауылдан жастардың жаппай көшуіне, кадр тапшылығына және ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық әлсіреуіне тікелей әсер етуде. Қазіргі «Ауыл – Ел бесігі» жобасы мен 2023–2027 жылдарға арналған ауылдық аумақтарды дамытудың тұжырымдамасы инфрақұрылымға басымдық бергенімен, тұрғын үй салуға бағытталған жеке мемлекеттік бағдарлама әлі әзірленген жоқ.

Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, ауылдық жерлерде тұрғын үй бағдарламалары ауылды сақтаудың және дамытудың тиімді құралы болып табылады. Қазақстандағы оң тәжірибеге Қызылорда облысын мысалға келтіруге болады. Өңірде соңғы 3 жылда барлық аудандарда жаңа тұрғын үйлер салынып, алғаш рет 1800-ге жуық пәтер пайдалануға берілген. Биылғы жылы 3600 пәтер салуға бюджеттен 58,7 млрд теңге бөлінген, - деді Саурықов.

Осыған байланысты «Ауыл» фракциясы Үкіметке бірнеше нақты ұсыныс енгізді:

  1. Ауылдардың демографиялық, экономикалық және әлеуметтік әлеуетін ескере отырып, ауылдық елді мекендердің бірыңғай картасын әзірлеу.
  2. Тұрғын үй салуға тікелей бағытталған жеке мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын жасау.
  3. Жастар мен жас отбасыларды ауылда тұрақтандыруға арналған «Туған жер, туған ел, өз ауылым» сияқты жобаларды іске қосу, сонымен қатар бизнес өкілдерін тарту арқылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті кеңейту.
  4. Мемлекет есебінен салынатын тұрғын үйлерді әлеуметтік санаттар бойынша бөлу: әлеуметтік аз қамтылған отбасылар, жас отбасылар және ауылға көшкісі келетін азаматтар үшін арнайы жеңілдіктер, кредиттік схемалар, инженерлік инфрақұрылымға қолжетімділік және жұмыспен қамту тетіктерін қарастыру.
Өзгелердің жаңалығы