Еліміздегі 8 мыңға жуық мектептің 5247 ауыл мектебі. Бұл туралы үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Оқу-ағарту министрлігі ауыл мектептерінің әлеуетін арттыру жұмыстарын жүйелі жүзеге асыруда. Еліміздегі 8 мыңға жуық мектептің 67% (5247) ауыл мектебі. Оның 51% (2654) шағын жинақты мектеп.
Ауыл мектебінің әрбір екінші мектебі шағын жинақты. Оқушылардың 40% ауыл мектебінде білім алады. Ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасындағы алшақтықты PISA халықаралық зерттеулері айқындап отыр. Дегенмен PISA-2018 нәтижелерімен салыстырғанда, 2022 жылғы математикалық және жаратылыстану сауаттылығы бойынша айырмашылық көрсеткіші 4-5 баллға дейін қысқарды, ал оқу сауаттылығы өзгеріссіз қалуда, - деді Ғани Бейсембаев.
Министр Оқу-ағарту министрлігі 2023 жылдан бастап "Ауыл мектебі – сапа алаңы" республикалық жобасын іске асырып жатқанын атап өтті.
Алматы облысында 2023-2024 оқу жылында 50 мектепті қамтитын жаратылыстану-математикалық бағыт пәндері бойынша білім сапасын арттыру мақсатында "Білім-инновация" лицейлерінің тәжірибесіне негізделген жоба "Қазақстан халқына" қорының қаржылай қолдауымен жүзеге асырылды. Маңғыстау облысы мектептерінің білім сапасын арттыру мақсатында осы оқу жылында өңірде 50 мектепті, оның ішінде 35 ауылдық мектепті қамтитын "Отпан" жобасы басталды, - деді Ғани Бейсембаев.