Үкіметте «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының жүзеге асу барысы талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен кеңеске мүдделі орталық мемлекеттік орган өкілдерімен бірге, облыс әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Ұлттық жоба аясында жалпы саны 655 алғашқы медициналық-санитариялық көмек беру нысанын салу көзделген болатын. Былтырдан бері жүзеге асып келе жатқан бағдарлама шеңберінде 95 нысан пайдалануға берілген. Жоба аясында атқарылып жатқан шаралар туралы денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Бүркітбаев баяндады. Оның сөзінше, бүгінде 483 нысан бойынша жобалық-сметалық құжат дайын. 355-іне қатысты тиісті қаржы бөлінді.
Қазірде өңірлерде құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар біз қалған нысандарға қатысты жобалық құжаттарды бекіту, авторлық, техникалық бақылау бойынша келісімшарттарды жасау үрдісін де бақылап отырмыз, — деді Жандос Бүркітбаев.
Ұлттық жоба ауылдағы ағайынның медициналық көмекке қолжетімділігін арттыруды көздейді. Оның азаматтар үшін маңызы аса жоғары екенін атап өткен вице-премьер бірқатар тапсырмалар берді.
Құрылысы жүруі тиіс нысандардың қатары көп екенін ескерсек, бұл мәселе тұрақты әрі жан-жақты қадағалауды қажет етеді. Жұмыстардың сапасына баса мән берілуі тиіс. Жобаның халық үшін әлеуметтік маңызы зор, сәйкесінше артылар жауапкершілік те жоғары. Сол себепті барлық мүдделі мемлекеттік органдар, облыс әкімдіктері жұмыла отырып, бақылауды күшейтуі қажет, — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.
Айта кетейік, жобаның жүзеге асу барысына қатысты есеп вице-премьер деңгейінде апта сайын қарастырылып отырмақ.