Ауыл шетінде төгілген битум: Экологтар тексеріс жүргізуде

16 Мамыр 2023, 10:45
955
Бөлісу:
Ауыл шетінде төгілген битум: Экологтар тексеріс жүргізуде
Фото: BAQ.KZ

Ертіс өңірінің экологтары құрамында битум өнімдері бар қоқыстарды жинау дерегіне қатысты тексеріс жүргізіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Айта кетейік, бірнеше күн бұрын Павлодарское ауылының тұрғындары дабыл қағып, мәселе туралы хабарлаған болатын. Құрылыс материалдары ретінде жиналған топырақ құрамында битум тектес заттың болғаны анықталды. Күн жылынғаннан кейін битум еріп, елді мекеннен 500 метрлік жерде шағын көлшіктер де пайда болды.

Бүгінгі күнге дейін салалық мекеме мамандары оқиға орнында болып, мән жайды анықтады. Облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Мағзұм Қоқымбаевтың айтуынша, мамандар қоқыс жиналған орынды қарап шықты.

Біз битум тектес қоқыстың сынамасын аламыз. Кейін оның құрамында мұнай өнімдерінің бар-жоғы анықталады. Осы уақытқа дейін мамандандырылған кәсіпорын қоқысты ауыл маңынан шығарып тастады. Енді қоқысты заңсыз жинаған компанияға қатысты жоспардан тыс тексеріс жүргіземіз. Тексеріс нәтижесі бойынша тиісті шара қолға алынады, - дейді Мағзұм Қоқымбаев.

Бір қызығы, құрылыс шикізаттарын жинаған кәсіпорынның рұқсатқағаздары жоқ болып шықты. Яғни, қоқыс жинауға құқық берілмеген. Енді жауапты компания қоқыс үйінділерін жойып, қалдықтарды арнайы орынға тасымалдауы тиіс.

Еске сала кетсек, оқиға облыс орталығына қарасты Павлодарское ауылында болды. Битум тектес зат төгіліп, үй жануарларының батып кету деректері тіркелді.

Өзгелердің жаңалығы