Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «AntikorLive» жобасының кезекті қонағы Парламент Сенатының депутаты, «Ауыл» ХДПП төрағасы Әли Бектаев болды.
Сұхбат тақырыбы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ауыл шаруашылығы саласындағы субсидиялауға кешенді талдау жүргізу туралы бастамасына арналды.
Агенттіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Бектаев бұл бастаманы толығымен қолдайтынын және субсидияларды бөлу мәселелерінде әділеттілік пен тәртіпті орнатуға бағытталғаны жайында пікір білдірді. Айта кету керек, соңғы бес жыл ішінде ауыл шаруашылығының тауар өндірушілерін қолдауға шамамен 1 трлн теңге бөлінген.
Сонымен қатар бұл бастаманы қоғамдық ұйымдармен, саяси партиялармен және азаматтық белсенділермен бірлесіп іске асыру қажеттігін атап өтті. Осы тұрғыда «Ауыл» партиясының шаруалардан келіп түскен ескертпелері мен ұсыныстарын жұмыс тобына енгізгенін айтты.
Субсидияға қатысты проблема көп. Алайда, кешенді талдау жүргізу жаппай тексеруге, тергеуге және қудалауға ұласпаса екен деген тілегіміз бар. Себебі, мұнда мықты заңгерлері мен бухгалтерлері жоқ кішігірім шаруалар ғана ұтылады. Жалпы, осы саланы ретке келтіретін уақыт келді деп есептеймін, - деді Әли Бектаев.
Спикер проблемалар туралы айта келе, бүгінгі таңда фермерлер тап болатын үш негізгі мәселені көрсетті – бұл қаржы қаражатының жетіспеушілігі, субсидиялар алудың күрделі шарттары және субсидиялар алу шарттарының жиі өзгеруі. Мысалы, соңғы бес жыл ішінде субсидиялар бөлу туралы қағидалар мен ережелерге 47 рет өзгерістер енгізілді.
Бұл проблемалар фермерлердің жұмысына айтарлықтай қиындықтар туғызады. Сондықтан басты міндет – субсидия бөлу мәселесінде тұрақтылықты орнату, - деп атап өтті Сенат депутаты.