Ауыл шаруашылығы саласының тиімділігін арттыру мәселелері бақылауда – басқарма басшысы

13 Ақпан 2023, 09:26
1119
Бөлісу:
Ауыл шаруашылығы саласының тиімділігін арттыру мәселелері бақылауда – басқарма басшысы
Фото: gov.kz

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына әрбір Жолдауында Үкіметке агроөнеркәсіп кешеніндегі жұмыс тәсілдерін қайта қарауды тапсырып жатады. Ал Жамбыл облысындағы ахуалды BAQ.KZ тілшісі зерделеп көрді.

Бүгінде қазақстандық фермерлердің жағдайы ақырындап түзеліп келе жатқанын көріп отырмыз: мемлекеттік қолдау тетіктері шаруаларға қолайлы бағытқа өзгеріп жатыр, субсидиялар бөлуде теңгерімді саясат жүргізілуде, ауыл тұрғындарын жайылымдық және егістік жерлермен қамтамасыз ету мәселелері шешілу үстінде.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдіктерден шаруаларды қолдау жұмысын ерекше бақылауға алуды талап етті. 

Біз шаруаларды қажетті мөлшерде жанар-жағармаймен қолжетімді бағамен қамтамасыз етуіміз керек. Ауылшаруашылық техникасының дайындығын, тұқым мен тыңайтқыш қорын екі рет тексеру керек. Бірқатар өңірлерде жауын-шашынның аз болуы егін шығымдылығына кері әсерін тигізіп жатады, бұл жалпы жем-шөптің тапшылығына әкелетінін ұмытпауымыз керек, - деді Президент былтырғы Жолдауында.

Ол, сонымен қатар фермерлер қауымымен бірге агроөнеркәсіп кешенін қолдауға қатысты мемлекеттің мүмкіндіктерін қайта қарау қажеттігін баса айтты. Тапшылық пен азық-түлік бағасының бақылаусыз өсуіне жол бермеу үшін мемлекеттік тұрақтандыру қорларына ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алу мәселесі пысықталып, мемлекеттік аппарат жағдайға жедел ден қойып, барынша үйлесімді әрекет етуі керек.

Бұл тапсырмалардың Жамбыл облысы көлемінде қалай орындалып жатқаны жөнінде аймақ әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітековті әңгімеге тартқан едік.

– Нұрби Рахметханұлы, облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болып тағайындалғаныңызға аз уақыт болса да, саланың тыныс-тіршілігінен хабардарсыз, түйткілді мәселелерден де білесіз деген ойдамыз. Олардың қайсысын бірінші кезекте шешу керек?

– Біздің облысымыз ауылшаруашылық саласына барынша ден қойғанымен, ауыл шаруашылығының жұмысы әлі де табиғи-климаттық жағдайларға байланысты тәуекелі жоғары деуге негіз бар. Мұның негізгі себептері техникалық және технологиялық артта қалунан және өндірісте экстенсивті әдістердің басым болуынан іздеу керек. Атап айтқанда, өсімдік шаруашылығы тиімді әртараптандыруды қажет етеді, оны барынша тиімді пайдаланғанымыз жөн. Сондықтан да дамудың негізгі бағыттарын жүзеге асыру үшін агроөнеркәсіп кешенін тиімді дамытып, бәсекеге қабілетті өнім шығару бойынша жұмысты одан әрі жалғастыру қажет.

– Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы саласы жаңа жылға қандай активтермен қадам басты?

– Жөн сауал, биыл облыста ауыл шаруашылығын дамытуға 100 миллиард теңге бөлу жоспарлануда. Атап айтсақ, қазірдің өзінде 21,9 млрд теңге бөлінді, содан кейін қажеттілікке қарай жыл ішінде бюджет нақтыланған кезде қосымша 13 млрд теңге қаржы қаралады.

Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру мақсатында 11,5 млрд теңге тарту жоспарланса, бұл қаражатқа 22 ауылдық округте 1 909 жобаны жүзеге асыру күтіліп отыр. Қосымша жоба бойынша 40 ауылдық округті қаржыландыруға 20 млрд теңге қарастырылған.

Өңірде тауарлы-сүт фермаларын құру, көкөніс қоймаларын салу, құс және балық шаруашылығын дамыту сияқты жобаларды жүзеге асыруға несиелік жоспарда республикалық бюджеттен 34 млрд теңге бөлінеді.

Тағы да айта кетерлігі, биыл 770,7 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілетінін, бұл өткен жылмен салыстырғанда 14,7 мың гектарға артық екенін ескерген жөн. Жергілікті шаруалар биылғы көктемде 398,2 мың гектарға – дәнді дақылдар, 72,2 мың мың гектарға – майлы дақылдар, 10 мың гектардан астам жерге қант қызылшасын, 12 мың гектарға жуық алқапқа картоп егеді. Мұның барлығы облыстың азық-түлік қауіпсіздігін де қамтамасыз етеді.

– Биыл қаңтар айы қатал болып, шаруалар біраз әбігерге түскенін көрдік. Диқандар қар мен аяз сынағынан қаншалықты сәтті шықты?

– Иә, қыс мезгілі қалың қар жауып, ауа температурасының төмен болды. Малшылардың күш-қуатын сынға салды десе де болғандай. Бірден айта кету керек, олар барлық қиындықтарды еңсере білді, қыстауға негізінен жемшөптің уақытында жеткізілуіне барынша назар аударылды. Егін және табиғи жерлер есебінен өткен жылы малшылар 1,8 миллион тонна шөп, 64,1 мың тонна пішендеме, 494 мың тонна сабан, 65,5 мың тонна сүрлем, 150,3 мың құрама жем дайындаған. Сондай-ақ шаруа қожалықтарында 372 мың тонна жемдік астық болды.

Жалпы 2022-2023 жылдардағы қыстау маусымына 503,8 мың бас ірі қара, 3,3 миллион бас қой-ешкі, 168,5 мың жылқы, 8,3 мың түйе шықты. Ірі қара мал 5 862 қыстауда ұсталады, олардың біразы, мыңнан астамы құмды аймақта орналасқан. Оларға жем дер кезінде және еш қиындықсыз жеткізіледі. Өңірлерде туындаған мәселелерді жедел шешу үшін облыс әкімдерінің орынбасарлары басқаратын арнайы штабтар құрылды. Қажет болған жағдайда жолдарды қардан тазарту немесе мал азығын жеткізу үшін көліктер бөлу қарастырылды.

– Нұрби Рахметханұлы, өңірлерге сапарларыңызда шаруалармен тікелей араласып тұрасыз. Олар нені айтып жатыр, қандай мәселелерге көңіл бөлуді сұрайды?

– Жақында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек бастаған топ Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Сарысу, Талас аудандарында болды. Кездесулер барысында шаруаларға көктемгі дала жұмыстарына қажетті тұқым, тыңайтқыш, дизель отынын алуға мемлекеттік қолдау шаралары түсіндірілді. Мұндай кездесулер басқа өңірлерде де өтетін болады.

«Диқандарды не мазалайды?» деген сұраққа келсек, ең алдымен суармалы суды айтар едім. Ауыл тұрғындары вегетациялық кезеңде егістіктерге қажетті көлемде су беруді қамтамасыз етуді сұрайды. Сондай-ақ мемлекеттік қолдау шаралары бойынша ұсыныстар енгізеді. Кейбір мәселелердің Үкімет деңгейінде шешімін тапқанын айта кету керек. Бірақ біз шаруалармен кездесуде айтылған барлық ұсыныстарды тиісті министрліктерге жеткізуді жалғастырамыз.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев диқандар алдына еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде маңызды міндет қойып отыр. Оны шешу үшін қандай шаралар қолға алынуы қажет?

– Біріншіден, жоғарыда айтып өткенімдей, егін шаруашылығын әртараптандыру, ауыспалы егіс қағидаттарын қатаң сақтау, сондай-ақ суармалы алқаптардың көлемін ұлғайту, заманауи ауыл шаруашылығы техникасын алу, асыл тұқымды мал басын көбейту қажет. Сонымен бірге қор жинап, «ақылды» фермалар мен цифрландырылған өндірістерді құруға баса назар аударған абзал. Ал бізде бұл бағыттарда да атқарылған жұмыстар жетерлік.

Өзгелердің жаңалығы