Ауыл шаруашылығы министрі Израиль елшісімен кездесті

9 Сәуір 2021, 21:21
1534
Бөлісу:
Ауыл шаруашылығы министрі Израиль елшісімен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР АШМ басшысы Сапархан Омаров Израиль мемлекетінің бизнес өкілдерімен, Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Лиат Вексельманмен келіссөздер жүргізді

Кездесуге Израиль-Қазақстан сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы М.Роэ мен LR Group компаниясының вице-президенттері М.Вельтман және Й.Раз қатысты. Тараптар АӨК саласындағы ынтымақтастық, атап айтқанда, Қазақстан Республикасында су үнемдеу технологияларын енгізу, сондай-ақ қазақстандық құс шаруашылығында израильдік тәжірибе мен технологияларды қолдану мәселелерін талқылады.

Келіссөздер барысында, израильдік компаниялармен ынтымақтастық аясында Қазақстанда жалпы қуаттылығы жылына 8 мың тоннадан астам күркетауық етін өндіретін құс фабрикасының жобасы сәтті жүзеге асырылғаны атап өтілді.

«Ордабасы Құс» ЖШС Түркістан облысының Ордабасы ауданында орналасып, өнімдерін еліміздің ішкі нарығына және РФ, Қырғызстан, Өзбекстан, Беларусь мемлекетіне экспортқа шығарады.

Израильдік тәжірибе мен технологияларды пайдалану – құс еті өндірісінің көлемін ұлғайтуға, ауыл халқы үшін жаңа жұмыс орындарын құруға, жақын және алыс шетел нарықтарында экспорттық әлеуетті кеңейтуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, кездесуге қатысушылар Қазақстан мен Израиль арасындағы АӨК өнімдерінің өзара саудасының ағымдағы жағдайын талқылады.

2019 жылы ауыл шаруашылығы өнімдері, қайта өңдеу өнімдерінің тауар айналымы $4,2 млн құрады, бұл 2018 жылға қарағанда 27,5%-ға төмен. Ал өткен жылы екі мемлекет бір-біріне $4,1 млн-ға тауар сатты (2019 жылға қарағанда 2,3%-ға аз).

Бұл ретте, өткен жылы Қазақстаннан экспорт көлемі $627 мың құрады, ал Израиль ҚР-ға $3,5 млн-ға АӨК өнімін сатты.

Қазақстаннан Израиль еліне балық өнімдері мен көкөніс дақылдарының тұқымдары экспортталды.

Израильден Қазақстанға негізінен шырындар, құрма, гүлдер және қуырылған кофе дәндері жеткізіледі.

Өзгелердің жаңалығы