Ауыл шаруашылығы министрі Ақмола облысының диқандарымен егістікте кездесті

10 Қыркүйек 2023, 16:08
785
Бөлісу:
Ауыл шаруашылығы министрі Ақмола облысының диқандарымен егістікте кездесті
Фото: АШМ

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың алғашқы жұмыс сапары Ақмола облысында өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Еліміздің солтүстік өңірлерінің арасындағы күзгі-дала жұмыстарының ең төмен қарқыны осында байқалады. Ауа райының қолайсыздығына байланысты барлығы 834,3 мың га астық немесе жалпы алаңның 17% - ы жиналды.

9 қыркүйек, сенбі күні Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы облыстың үш ауданына барды. Әрқайсысында агроқұрылымдардың басшыларымен өзекті мәселелер талқыланды. Осы күзде олардың барлығында мәселе бірдей. Екі аптадан астам жаңбырдың салдарынан диқандар бидайды жинай алмай отыр. Диқандар астықтың сапасыз болып, келесі жылы тұқымсыз қалатынына алаңдаулы. Оларды астықты кептіру үшін әлдеқайда көп отын қажет ететін элеваторлардың рентабельділігі де алаңдатады. Несиелік міндеттемелер мен субсидияларда шаруалар үшін маңызды мәселенің бірі болып тұр.

Айдарбек Сапаров барлық мәселелер жедел шешілетінін атап өтті.

Мемлекет тарапынан қажетті қолдау көрсетілетін болады. Барлық қаржы институттары несиелік міндеттемелерді ұзарту мүмкіндігін жеке қарастырады. Астықты кептіруге арналған дизель отынының бағасы мен қосымша көлеміне келетін болсақ, басқа мемлекеттік органдармен келісу процесі аяқталып жатыр. Лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындары мен кептіргіштері бар фермерлер үшін міндетті түрде арзандатылған отын беріледі, - деді Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы агроқұрылымдардың басшыларымен кездесуде.

Шаруалармен кездесуге қатысқан Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов барлық шаралар қабылданатынын айтты. Оның айтуынша, өңірде егін жинау науқанын өткізу мәселелері бойынша облыс әкімінің орынбасары бастаған комиссия құрылды.

Ақмола облысына сапары қарсаңында ауыл шаруашылығы министрі жедел штаб отырысын өткізіп, бірқатар тапсырмалар берді. Оның ішінде астық қабылдау кәсіпорындарының қызметтері бағасының өсуінсіз тәулік бойы жұмыс істеуін, астықтың сандық-сапалық сипаттамаларын есепке алу үшін аумақтық инспекциялар мен карантиндік қызметтердің тәулік бойы жұмыс істеуін қамтамасыз ету.

«Қазагроэкс» АҚ Азық-түлік корпорациясындағы қолда бар астық қорын зерттеп, оның тұқым материалы ретінде пайдалануға жарамдылығын тексереді. 2024 жылы себілетін тұқымдар бөлек сақталады.

Облыс әкімдіктері субсидия алуға келіп түскен өтініштерді қарау үшін қосымша мамандарды тартады.

Шаруалар арасында туындайтын сұрақтар мен мәселелерді жедел шешу үшін Ауыл шаруашылығы министрінің тапсырмасымен жұмыс тобы құрылып, Қостанай облысына барды. Кейін уәкілетті органдардың өкілдері Солтүстік Қазақстан мен Ақмола өңіріне баруға тиіс.

Ауыл шаруашылығы министрлігі қабылдап жатқан шаралар қолайсыз ауа-райының салдарын барынша азайтуға және қазақстандық шаруаларды қолдауға мүмкіндік береді.

9 қыркүйектегі жедел мәліметтерге сәйкес, республика бойынша барлығы 5 млн гектар астық жиналды, бұл жалпы егіс алқабының 29,2%-ын құрайды. Орташа өнімділігі 9,9 ц/га болған кезде 5 млн тонна астық бастырылды.

Өзгелердің жаңалығы