«Ауыл» партиясының Құрылтай сайлауына ұсынған партиялық тізімі ресми тіркелді

Тізімге 69 кандидат енгізілді. Оның ішінде әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдардың үлесі 42%-ды құрады.

21 Шілде 2026, 15:25
АВТОР
 ©BAQ.KZ/Анеля Өсерхан 21 Шілде 2026, 15:25
21 Шілде 2026, 15:25
191
Фото: ©BAQ.KZ/Анеля Өсерхан

Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы 23 тамызға белгіленген Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауына қатысу үшін «Ауыл» партиясының партиялық тізімін тіркеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Тиісті шешім 21 шілдеде өткен ОСК отырысында партия ұсынған құжаттарды және кандидаттардың Қазақстан Республикасы Конституциясы мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң талаптарына сәйкестігін тексеру қорытындысы бойынша қабылданды.

Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісовтің айтуынша, партия құжаттарды заңда белгіленген мерзімде тапсырған. ОСК кандидаттардың сайлау заңнамасының талаптарына сәйкестігін тексерді.

Тексеру қорытындысы бойынша барлық кандидаттың Конституция мен сайлау туралы заң талаптарына сәйкес келетіні анықталды. Тіркелген партиялық тізімге 69 кандидат енгізілді.

Олардың ішінде 29 кандидат – әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар. Бұл жалпы тізімнің 42%-ын құрайды, яғни заңда белгіленген 30 пайыздық квотадан жоғары.

Сонымен қатар Шавхат Өтемісов «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 88-бабының 2-тармағына сәйкес, Мәжіліс депутаттарының алдыңғы сайлауында сайлаушылардың кемінде 5 пайыз дауысын жинаған саяси партиялар сайлау жарнасын төлеуден босатылатынын еске салды.

Алдыңғы парламенттік сайлауда «Ауыл» партиясы 10,9 пайыз дауыс жинағандықтан, сайлау жарнасын төлеуден босатылған.

Талқылау қорытындысы бойынша Орталық сайлау комиссиясының мүшелері 2026 жылғы 23 тамызда өтетін Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауына «Ауыл» партиясының партиялық тізімін тіркеу туралы қаулыны бірауыздан қолдады.

Еске салайық, бұған дейін ОСК Құрылтай сайлауына тағы 10 халықаралық байқаушыны аккредиттеді.

Наверх