Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Ауыл" демократиялық партиоттық партиясы Қордайдағы қайғылы жағдайға байланысты пікір білдірді.
Қазақстан – ежелден татулығы мен бірлігі жарасқан ел. Түтіні түзу шығып, шаңырағын биік ұстаған, ағайынбыз деп келгендерді бауырына басқан жұртпыз. Қордайда орын алған келеңсіз жағдай баршамыздың жанымызға батты. Сүттей ұйып, ынтымағы жарасып, береке-бірлігі қайнаған халықтың тыныштығы қашты. Осы оқиғаға қатысты мемлекет басшысы Қ. К. Тоқаев Қазақ елінің бірлігі үшін, Қордай оқиғасына қатысты мәлімдеме жасады, – делінген хабарламада.Партия басшылығының пікірінше, қазақ халқының тыныштығы бұзылғанын ешкім қаламайды. Қазақ ауылы ықылым замандардан бері бірлік пен берекенің бесігіндей болып келді. Бір-бірін "өкпеге қиса да, өлімге қимайтын" ауылдас ағайындардың арасында дәл мұндай қасіретті жайдың орын алуы баршаның қабырғасын қайыстырды.
Адам өмірінің қауіпсіздігі – ең басты құндылық. Қазыналы қарттан бастап, бесіктегі сәбиге дейін еліміздің әр азаматының түн ұйқысы тыныш болуы тиіс. Біз Қордай оқиғасынан қаза тапқан отандастарымыздың ағайын-туыстары мен жақындарына қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз. Жарақат алғандардың сауығып кетуіне тілекшіміз. Қайғылы жағдайдың себепкерлері анықталып, үкіметтік комиссия мен құқық қорғау органдары тарапынан заңды бағасы беріледі деп ойлаймыз, – деп мәлім етті партиядан.
Ежелден даналық пен достықтың дәстүрі берік орнаған Қордай өңірінің азаматтары көлденең келген азғыру мен арандатуларға жол бермейді деп сенетінін айтады "ауылдықтар".