Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. "Ауыл" партиясы Түркістан қаласынан 15 шақырым жерде орналасқан Ораңғай ауылының 82 жастағы тұрғыны Әнжір Қожамбердиеваны 8 наурыз халықаралық әйелдер мерекесімен арнайы құттықтап барды. Көпбалалы батыр ана дүниеге 16 перзент әкелген.
Мереке қарсаңына орай, игілікті істі қолға алған "Ауыл" партиясының өкілдері көпбалалы қарияның шаңырағында қонақта болды. Үлкен шаңыраққа ұл-қыздары барынша жиналып, осынау тарихи сәтке куә болғандарына алғыстарын білдірді. Шаңырақтың үлкен келіні Үрбігүл Исақұлқызының айтуынша, 30 жылдан бері енесі Әнжір апаны мерекесімен елеп-ескеріп, ең бірінші құттықтап келіп отырған "Ауыл" партиясының өкілдері екендіктерін жасырмады.
Ең алдымен "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Нұржан Ажиметов аталған партияның төрағасы Әли Бектаевтың атынан келіп құттықтап, Әнжір әжеге ақ жаулықты орамал жауып, бір құшақ раушан гүлі мен арнайы сыйлығын табыс етті. Көл-көсір қуанышы қойнына сыймаған қария қуаныштан көзіне жас алды.
Айналайын, балаларым, өркендерің өссін. 8 наурыз мерекесімен құттықтағандарыңа рахмет! Дендерің сау болсын, менің жасыма жете беріңіздер. Өмір бойы осы ауылда өсіп-өніп, қара жұмыста еңбек етіп, зейнетке шықтым. Біздің уақытымызда қой да бақтық, кейіннен теміржолда марқұм шалым екеуміз жолшы болып та жұмыс істедік. Бүгін көңіл-күйім ерекше болып тұр. Бала-шағам, келіндерім аман болсын, осылардың арқасында аман-есен шаңырағымда күліп-ойнап, немере-шөберелерімнің қызығын көріп отырмын. Сендерге де жұғысты болсын, еліміз аман, аспанымыз ашық болсын, – деді ақжарма тілегін білдірген әже.
Қожамбердиевтер отбасында 11 қыз, 5 ұл дүниеге келген, барлығының да көзі тірі. Әнжір әженің айтуынша, 17 құрсақ көтерген. 1957 жылы туған тұңғышы шетінеп кетіпті. Бүгінде 16 ұл-қыздан 67 немере, 55 шөбере сүйіп отыр. Үлкен әулетке айналған шаңырақтың балалары тату-тәтті ел қатарлы тіршілік кешіп жатыр. Атап айтсақ, Жұман, Манзура, Әбибулла, Мастура, Убайдулла, Сырғаш, Зейнеш, Зәуреш, Нұрлан, Несібелі, Бақыткүл, Жақсыкүл, Жұмакүл, Ерлан, Кенжекүл және Перизат. Амандық болса, Әнжір әже 11 сәуірде 83 жасқа толмақ.
Өздеріңіз білесіздер, Түркістан облысында көпбалалы аналар өте көп. Оған қоса, Түркістан қаласы облыс орталығына айналды. Біз мерекеге орай Түркістанға қарайтын ауылдардан көпбалалы отбасын іздедік. "Ауыл" партиясының төрағасы Әли Бектаевтың тапсырмасымен бүгін міне Әнжір апаның шаңырағына арнайы ат басын бұрып келіп отырмыз. Көріп тұрсыздар, апамыз әлі де тың, сергек, көңілі баладай алып-ұшып тұр. Әрқашан осылай бала-шағасының, немере-шөберелерінің қызықтарына тоймай жүре берсін демекпіз. 8 наурыз – ең керемет мейрам. Өйткені, дүниеде ең әдемі, ең сыйлы азаматтар ол осы – аналар. Ақ жаулықты апаларымыз бен қыз-келіншектердің бәрін осы келе жатқан мерекемен құттықтаймыз. Көктем сияқты құлпырып жүре беріңіздер. Ер азаматтың алаңсыз жұмыс істеуіне, соларға қамқор болып, еліміздің болашағы балаларды өсіріп отырған сіздердің еңбектеріңіз орасан зор, - деді Нұржан Ажиметов.
Айта кетейік, Қожамбердиевтер әулеті Түркістан облысы, Кентау қаласы, арысы Қызылорда облысына дейін тараған. Шаңырақта кенже ұл Ерлан мен келіні Сәрсенкүл Әнжір әженің бабын жасап отыр. Одан тараған бес немересі әженің көз қуанышына айналған. Шаңырақтың иесі марқұм Анарбай Қожамбердиев 1928 жылы дүниеге келіп, 2005 жылы қайтыс болған. Ең үлкен ұлы Жұман 62 жаста болса, үйдің кенжесі Перизат 38 жаста. Ораңғай ауылынан шыққан 16 ұл-қыз осылайша бүгінде үлкен өнегелі әулетке айналып отыр.
Біз жастарға алтын құрсақты, дүниеге көп бала әкелген асыл аналарымызды көбірек насихаттауымыз керек. Менің өмірден бір түйгенім, осындай көпбалалы отбасыдан шыққан балалар бауырмал, бір-біріне жанашыр, мейірбан болып келеді. Қазір жастар бір-екі баламен ғана шектелгенді жөн көреді, меніңше ондай балалар эгоист болып өседі. Сондықтан, бір-екі баламен тоқтамай, көпбалалы болған жақсы деп ойлаймын, - деді дастархан басында партия төрағасы Нұржан Ажиметов.
"Ауыл" партиясының игі бастамасына қуанған Әнжір әже келген қонақтарға ақ батасын беріп, шығарып салды.
Естеріңізде болса, "Ауыл" партиясы СҚО-да тұратын 16 баласы бар отбасын да құттықтаған болатын.