Ауыл оқушыларына арналған олимпиада басталды

20 Қараша 2023, 12:21
4169
Бөлісу:
Ауыл оқушыларына арналған олимпиада басталды
Фото: автордан

Бүгін ауыл мектептері оқушыларына арналған республикалық пәндік олимпиаданың бірінші кезеңі басталды. Оған 85 401 оқушы қатысып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгін Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың тікелей тапсырмасы бойынша алғаш рет ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың бірінші кезеңі басталды.

Оған еліміздің шалғай аудандарынан 9-11(12) сынып оқушылары қатысады.

Олимпиаданың мақсаты — ауылдық жерлердегі мектеп оқушыларының дарыны мен қабілеттерін анықтау және оларға қолдау білдіру, неғұрлым академиялық қабілетті оқушыларды табу, олардың зияткерлік дамуы мен кәсіби бағдарлануына жағдай жасау.

Ауыл оқушыларына арналған олимпиада басталды

Ауыл мектептеріне арналған олимпиада Қазақстанның шалғай елді мекендеріндегі дарынды және талантты балаларды анықтауға және дамытуға бағытталған. Өткізу қағидаларына сәйкес олимпиада 13 пән бойынша (жаратылыстану–математикалық бағыттағы 6 пән бойынша, қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы 7 пән бойынша) өткізіледі және 3 кезеңнен тұрады. Бастапқы кезеңге қатысу үшін оқушылар аuyl.daryn.kz сайтында тіркеліп, нәтижесінде 85 401 оқушы қатысуға ниет білдірді. Олимпиада «бір компьютер – бір оқушы – бір камера» қағидаты бойынша өткізіледі. Олимпиаданың барлық кезеңінде оқушылардың аты-жөні әділ-қазылар үшін жасырын болады. Әр кезеңнен кейін тапсырмалардың сканерленген нұсқасы, қатысушылардың жұмыстары мен дұрыс жауаптар орталықтың сайтында жарияланып отырады, - дейді «Дарын» РҒПО директоры Ғаждембек Тұрсынов.

Олимпиада алғаш рет өткізіліп отырғандықтан оған шамамен 95 мың бала қатысады деп күтілгенін айтты. Оның сөзінше, қаңтар айында өтетін республикалық пән олимпиадасына мыңға жуық бала қатысады деп күтіліп отыр. Оған өткен әрбір финалист бала Дарынның оқу-жаттығу жиындарына шақырылады.

ІІ іріктеу кезеңін желтоқсан айында облыстық білім басқармалары өткізеді. Тапсырмалар дәстүрлі олимпиадалық тапсырмалар түрінде онлайн-платформада беріледі.

Олимпиаданың III кезеңіне ІІ кезеңнің жеңімпаздары (нәтижелерге сәйкес, әр пән мен сынып бойынша екіден артық емес) қатысады: жаратылыстану-математикалық бағыт пәндері бойынша 9-11(12) сынып оқушылары және қоғамдық-гуманитарлық бағыт пәндері бойынша 10-11(12) сынып оқушылары. III республикалық кезеңнің барлық қатысушылары республикалық сырттай мектепке қабылданады. Қорытындысында қатысушылардың жалпы санының 45%-нан тұратын жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады. Олар Оқу-ағарту министрлігінің дипломдарымен марапатталады. I дәрежелі диплом иегерлері 2024 жылғы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңіне қатысады.

Олимпиаданың салтанатты ашылу рәсімі бүгін еліміздің барлық ауыл мектептерінде бір мезгілде өткізілгенін айта кетейік.

Өзгелердің жаңалығы