Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 21 маусымнан бері IQanat қорының ұйымдастыруымен ауыл мектептерінің оқушылары үшін өткізілген ауқымды IQanat олимпиадасы өз мәресіне жетті.
IQanat жобасының негізін қалаушы Айдын Рахимбаев финалға өткен барлық оқушыларды құттықтады.
Финалға өткен 750 оқушыны құттықтаймын. Өйткені 8-сыныпта ауылдарда оқитын 120 мың оқушының арасынан топ-750-ге кіру – үлкен жетістік. Біз ары қарай дамуларыңызға көмектесеміз. 100 сертификатты кім алса да, барлықтарың жеңімпазсыңдар. Өйткені жүздікке кірмегендер де аудан орталықтарында, ауылдарда екі апталап біздің бағдарлама қатысушылары болып, білімдеріңді жетілдіресіңдер. Сендерге біздің мықты қамқоршылардың командасының арқасында 3 жыл қолдау көрсетеміз, - деді ол.
Олимпиаданың көмегімен еліміздегі және шет мемлекеттердегі іргелі жоғарғы оқу орындарына түсу үшін 3 жылдық тегін дайындыққа 100 финалист таңдалып алынды. Ал республикалық деңгейге өтпеген облыстық турдың қатысушылары дайындықтарын IQ O бағдарламасы бойынша жалғастырады. Ал жеңіске жеткен оқушылар Бурабайда орналасқан IQanat High School-да IQ IP бағдарламасымен білім алады.
Мен тест тапсырып болған кезде жеңімпаз болатынымды білдім. Өйткені есептер мен үшін оңай болды. IQanat олимпиадасы мен үшін өте ерекше, барлық жағдай жасалған. Мұнда өзім үшін көп мотивация алдым және жаңа көп достар таптым, - деп 100 жеңімпаздың бірі Жәлел Ерзат олимпиададан алған әсерімен бөлісті.
Қазіргі таңда iQanat қорының 95 қамқоршысы бар. 13 облыстық, 67 аудандық, 15 мектеп қамқоршыларының қолдауымен High School түлектері олардың еліміздегі ең беделді компанияларында тәжірибеден өтіп, білімін шыңдайды. Қамқоршылардың құрамында кәсіпорын басшылары, бизнесмендер, қоғам қайраткерлері және ел тағдырына бей-жай қарамайтын азаматтар бар.