Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз хатшысы Мереке Амангелдіқызы мұғалімдер қанша теңге жалақы алатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрлік өкілінің сөзінше, қазақстандық педагогтердің жалақысы бүгінде ең лайықты деңгейде.
Осылай айтуға толық негіз бар. Мұны мемлекеттік қызмет саласында жұмыс істейтін және жағдайды жақсы түсінетін азамат ретінде сенімді түрде айта аламын, - дейді ол.
Айта кету керек, мұғалімдердің жалақысының өсуі тек Президенттің оларға басымдық беруі мен қолдауының арқасында мүмкін болды.
“Педагог мәртебесі туралы” заң қабылданғаннан кейін мұғалімдердің жалақысын екі есе көтеруден бастап, олардың мәртебесін арттыруға бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізілді. Сонымен қатар магистр дәрежесі, біліктілік санаты (шебер, зерттеуші, сарапшы, модератор), еңбек өтілі, жұмыс көлемі (тарифтеу), еңбек жағдайлары сияқты факторларға байланысты түрлі үстемақылар мен қосымша төлемдер енгізілді. Бұған қоса, шәкірттері білім додаларында үздік шыққан мұғалімдерді марапаттау, мемлекеттік наградаларға ұсыну мүмкіндіктері де қарастырылды. Мысалы, өткен жылы 89 педагог мемлекет тарапынан 3,6 млн теңге (1000 АЕК) көлемінде сыйақы алды. Бұл марапатқа Еңбек ерлері, Еңбек сіңірген ұстаздар және “Үздік педагог” байқауының жеңімпаздары ие болды, - деп түсіндірді Мереке Амангелдіқызы.
Оның мәліметіне сәйкес, былтыр қала мұғалімдері 352 мың теңге алса, ауыл мұғалімдері 435 мың теңге жалақы алған.
Салыстырмалы түрде қарар болсақ, өткен жылы қалада жұмыс істейтін мұғалімдердің орташа айлық жалақысы бір ставка үшін 352 мың теңгені, ал ауылдағы мұғалімдердің жалақысы 435 мың теңгені құрады. Ашық дереккөздерге сәйкес, бұл Қырғызстандағы әріптестерінен шамамен 9 есе, Ресейден 3 есе жоғары. Егер мұғалімнің кәсібі беделді болмаса, кадр тапшылығын жою мүмкін болмас еді. Өткен жылдың басында елімізде 1700 педагог жетіспеді, бірақ қыркүйекке қарай 8 мыңнан астам жас маман өз мамандығына қайта оралып, Қазақстан мұғалімдерінің қатарын толықтырды, - деп айтты ведомствоның баспасөз хатшысы.