- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Ауыл мен қала арасындағы табыс айырмасын қалай азайтуға болады?
Ауыл мен қала арасындағы табыс айырмасын қалай азайтуға болады?
6 Қазан 2026, 16:22
Ауыл тұрғыны мал өсіреді, сүт өндіреді, егін егеді. Бірақ өнімін сатқаннан кейінгі табысы еңбегіне сай бола бермейді. Неге? Экономистер Бауыржан Ысқақ пен Алдияр Саматовтың пікірінше, ауыл мен қала арасындағы табыс алшақтығын тек жұмыс орындарының аздығымен түсіндіру жеткіліксіз. Негізгі мәселе – ауылда өндірілген өнімді өңдеп, сақтап, тиімді бағамен сатуға мүмкіндік беретін жүйенің әлсіздігі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ауылдағы кәсіпті қолдау туралы айтқанда көбіне берілген несие, бөлінген грант пен ашылған жұмыс орындары сөз болады. Бірақ қаржы алған адамның кәсібі жүріп кетті ме, табысы артты ма деген сұрақтар да маңызды. Мал сатып алу немесе цех ашу істің бастамасы ғана. Одан кейін өнімді өткізу, шығынды өтеу және кәсіпті жалғастыру мәселесі туындайды.
Табыс айырмасы неден туындайды?
Экономист Бауыржан Ысқақтың айтуынша, қала тұрғындарының табыс табудағы таңдауы көбірек. Бір адам жалдамалы жұмыста істесе, екіншісі саудамен, қызмет көрсетумен немесе жеке кәсіппен айналыса алады. Өнеркәсіп пен IT саласында да мүмкіндік бар. Ал ауылдағы табыс негізінен ауыл шаруашылығына, бюджет саласына және шағын саудаға тәуелді.
Дегенмен мәселе кәсіп түрлерінің аздығында ғана емес. Шаруаның өндірген өнімінен қанша табыс табатыны да маңызды. Техника, сақтау, өңдеу және тасымалдау мәселесі шешілмесе, көп еңбек еткен адамның пайдасы аз болуы мүмкін.
Ауыл мен қала арасындағы табыс алшақтығын азайту үшін ауылға жай ғана жұмыс орны емес, табысты экономикалық тізбек құру керек. Яғни өндіріс, өңдеу, сақтау, логистика және сату жүйесі қажет, - дейді Бауыржан Ысқақ.
Алдияр Саматов та ауылдағы жұмыс орындарының санынан бөлек, олардың тұрақтылығы мен өнімділігіне назар аудару қажет деп есептейді. Оның пікірінше, қалада қосылған құны жоғары салалар көбірек болғандықтан, табыс табу мүмкіндігі де кеңірек.
Мәселе “ауылда жұмыс орны жоқ” дегенде емес, “ауылда тұрақты әрі жоғары өнімді жұмыс орны аз” дегенде болуы мүмкін, - дейді экономист.
Ол ауыл шаруашылығында табыстың баға мен ауа райына тәуелді екенін айтады.
Бұған нарықтың алыстығы, логистиканың қымбаттығы, инфрақұрылым мен интернет сапасы да әсер етеді. Мамандардың қалаға көшуі ауылдағы кәсіптің дамуын қиындата түседі. Ауыл тұрғыны көбіне шикізатты немесе бастапқы өнімді арзанға өткізеді. Ал оны өңдеп, дайын тауарға айналдырған кезде пайда болатын қосылған құн басқа жерде қалады, - деді ол.
Қаржы алған кәсіпкерге сатып алушы да керек
Әрине, мемлекеттік қолдау қажет-ақ. Бірақ несие немесе грант алу кәсіптің тұрақты табыс әкелетініне кепіл болмайтынын ескеру керек.
Бауыржан Ысқақ пікірінше, кәсіпті қолдау кезінде кәсіпкер өнімін кімге сатады, қайда сақтайды, қалай өңдеп, нарыққа жеткізеді? Осы мәселелергеп назар аударылуы керек.
Мемлекеттік қолдаудың логикасын “қаржы берілді, кәсіп ашылды” дегеннен “кәсіп ашылды, өнім өндірілді, өнім сатылды, тұрақты табыс пайда болды” деген модельге қарай өзгертуіміз керек. Ауыл тұрғынына тек несие емес, нақты сатып алушы керек, - дейді ол.
Ал экономист Алдияр Саматов кәсіпкердің алдағы шығындары мен тәуекелдерін де есепке алу қажеттігін айтты.
Мәселен, мал өсіретін адам жемшөп қымбаттаса не істейді? Ветеринарлық қызмет шығынын қалай өтейді? Малды қандай бағамен сатады?Егер осы сұрақтарға жауап болмаса, біз кәсіпкерлікті емес, тек мал немесе техника сияқты активтерді сатып алуды ғана қаржыландырамыз,-дейді Саматов.
Сондықтан экономист қолдаудың нәтижесін бөлінген қаражат пен ашылған кәсіп санына қарап бағалау жеткіліксіз деп санайды. Оның орнына сол кәсіптің екі жылдан кейін де жұмыс істеп тұрғанына, тұрақты жұмыс орындарын құрғанына және кәсіпкердің нақты табысын арттырғанына қарау қажет.
Бұл өлшемдер қаржының игерілгенін ғана емес, ауылдағы отбасының тұрмысына қандай әсер еткенін түсінуге мүмкіндік береді.
Шаруалар бірігіп жұмыс істесе не өзгереді?
Алдияр Саматов ауыл кәсіпкерлеріне ортақ инфрақұрылым мен кооперация қажет деп есептейді.
Оның мысалында бір ауылдағы жүз адам мал өсіреді. Әрқайсысы өнімін жеке сатса, ірі сатып алушымен баға мен жеткізу шарттарын келісу қиын болуы мүмкін. Ал шаруалар бірігіп, өнімді бір жерде жинап, сақтап, бірге өткізсе, келіссөз жүргізу мүмкіндігі артады.
Бір ауылда мал ұстайтын адамдар бірігіп, өнімін бірге өндіріп, бір жерде сақтап, ірі сатып алушыға ұсынса, олардың пайдасы көбірек болуы мүмкін, - дейді экономист.
Осы себепті ол мемлекеттік қолдауды жеке кәсіпкерлерге қаржы берумен шектемеуді ұсынады. Шағын өңдеу цехтары, қоймалар, техника және ветеринарлық қызмет бірнеше шаруашылыққа қатар қызмет ете алады.
Әр шаруаға өз қоймасын немесе өңдеу орнын салу қиын. Ал ортақ нысан болса, өнімді сақтауға, өткізуге дайындауға және шығынды бөлісуге мүмкіндік туады.
Ауыл өндірген өнімнің пайдасы ауылда қалуы керек
Ауыл отбасының табысын арттыру үшін өнім өндіруден бастап оны сатуға дейінгі жұмысты жолға қою қажет. Бұл пікірді экономист Бауыржан Ысқақ мәлімдеді.Мысалы, ауылда өндірілген сүт қалаға шикізат күйінде жөнелтілсе, шаруаның табысы сол сүтті сатумен шектеледі. Ал сүтті жинау, салқындату, өңдеу, қаптау және дайын өнім ретінде өткізу ауылдың өзінде ұйымдастырылса, қосымша жұмыс орындары ашылады. Бір өнім бірнеше адамға табыс әкеледі.
Ауылдың болашағы әр отбасының кәсіпкер болуымен ғана байланысты емес. Ауылда кәсіпкерлік орта қалыптастыру қажет, - дейді ол.
Ол әр ауылдың мүмкіндігіне қарай белгілі бір бағытқа мамандануын ұсынады. Бір ауыл сүт өндірісін, екіншісі ет шаруашылығын, үшіншісі көкөніс өсіруді дамыта алады. Өзге ауылдар үшін туризм немесе қолөнер тиімді болуы мүмкін. Бірақ қай бағытта да өнім мен қызметке тұрақты сұраныс болуы керек.
Сарапшылардың пікірінше, ауылдағы табыс мәселесін шешу үшін жұмыс орнын ашу мен қаржы бөлуді түпкі нәтиже деп қабылдамау қажет. Өндірген өнімін тиімді бағамен өткізе алған шаруа ғана кәсібін кеңейтіп, отбасының тұрмысын жақсарта алады.
Ең оқылған:
- Мұғалімдер күні: Қай өңірде ұстаздарға сыйақы беріледі?
- Қазгидромет ескертеді: Қазақстанда ауа райы күрт бұзылып, өңірлерде қар аралас жауын-шашын түседі
- Тараздағы қанды оқиға: 24 жастағы жігітті пышақтап кетті
- Қорғаныс министрлігіндегі аудит: Қару-жарақтан бастап цифрлық жүйелерге дейін тексеріледі
- Азамат Есқараев қызметінен босатылып, жаңа лауазымға тағайындалды
Аида БАТУХАН