Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қай жерде тұратынына қарамастан балалардың құқығы мен қажеттілігі бірдей екендігін ескеруіміз керек. Бұл туралы елордада өтіп жатқан IX Азаматтық форумда сөз сөйлеген мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев айтты.
Біз жас ұрпақтың сәби шақтарынан мәдениет, ғылым және білім беру үйірмелеріне барып, спорт секцияларына қатысуына барынша жағдай жасауымыз керек. Өйткені бұл балаларды өзара біріктіріп, ұйымдасып тірлік етуге жақындастыратын өзіндік тәрбие мектебі болмақ. Жергілікті атқарушы органдар азаматтық қоғам өкілдерімен бірлесіп, балғын бүлдіршіндердің таланттарын ашып, талаптарын шыңдауға, олардың биік мақсаттарға ұмтылуына жол көрсетуі тиіс, - деді Қырымбек Көшербаев.
Оның айтуынша, жергілікті жерлерде бюджетті қарастырғанда қымбат спорт клубтарына емес балалар мен жасөспірімдердің үйірмелері мен секцияларына қаражат бөлу мәселесіне көп мән беру керек.
Біз қай жерде тұратынына қарамастан балалардың құқығы мен қажеттілігі бірдей екендігін ескеруіміз керек. Сондықтан ауыл мен қала балаларының аражігін алшақтатпай, екеуіне бірдей деңгейде көңіл бөлінуі тиіс. Әрине, еліміз кең байтақ, өңірлердің өсу мүмкіндігі де әрқалай. Аймақтардағы ұйымдастырушылық, қаржылық, кадрлық әлеует бәрінде бірдей тең емес. Бірақ біз бар мүмкіндікті қарастырып, бірінші кезекте ауылдық мәдениет және демалыс орындарын, спорт үйірмелерін дамытуға күш салуымыз қажет. Ауылдық жерлерде мәдениет, демалыс және спорт салалары бойынша барша ұғымды, икемді стандарттар қалыптастыру қажет, - деді мемлекеттік хатшы.
Ол тұрғылықты халықтың саны мен жергілікті бюджеттің мүмкіндігін саралай отырып, мемлекеттің немесе демеушілердің есебінен балаларды футбол, хоккей, волейбол, баскетбол сияқты командалық ойын түрлеріне жаттықтыратын бапкерлерді қызметке тарту керек деп отыр.
Спорттың нақ осы командалық түрлері балаларды басқа құрдастарымен өзара санасып, олардың ұжымдасып шешім қабылдауға тәрбиелейді. Бұған қоса, ауылдарда балаларды шымырлыққа баулитын дәстүрлі бокс пен күресті дамытып, жастардың дүниетанымы мен ойлау қабілетін шыңдайтын спорттың шахмат, киберспорт және басқа да интеллектуалдық түрлерін өркендету керек, - деді Қырымбек Көшербаев.
Бұған дейін хабарлағанымыздай Қырымбек Көшербаев форум барысында тарихи-мәдени бірлестіктерді биліктің жалпыұлттық деңгейдегі әріптестері қатарына көтеретін кез келді деп айтты.