Ауыл мектептерінің оқушылары арасындағы республикалық олимпиаданың жеңімпаздары анықталды

Бүгiн, 11:05
113
Бөлісу:
Ауыл мектептерінің оқушылары арасындағы республикалық олимпиаданың жеңімпаздары анықталды
PHOTO
Фото: Оқу ағарту министрлігі

Ауыл мектептерінің оқушылары арасында жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша өткен II Республикалық олимпиаданың қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қорытынды кезеңге 486 оқушы қатысып, оның ішінде 221 оқушы жеңімпаз атанды. Бұл балалар – еліміздің ең шалғай аймақтарынан келген дарынды жастар.

Ауыл мектептерінің оқушылары арасындағы республикалық олимпиаданың жеңімпаздары анықталды

Марапаттау рәсіміне Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашұлы Бекболатов қатысты.

Оқу-ағарту министрлігі ауыл мектептерінің талантты және білімге құштар оқушыларын анықтау мақсатында республикалық олимпиада екінші жыл қатарынан өткізуде. Егер былтыр олимпиаданың бірінші кезеңіне 78 мың оқушы қатысса, биыл олардың саны 113 мыңнан асты. Бұл ауыл оқушыларының зияткерлік жарыстарға деген қызығушылығының артып, республикалық олимпиаданың мәртебесінің жоғары екенін көрсетеді. Баршаңызды жетістіктеріңізбен құттықтаймын және білім жолында жаңа табыстар тілеймін!, – деді комитет төрағасы.

"Олимпиаданың ең жас қатысушысы" номинациясы бойынша дипломдармен Павлодар облысынан Имран Құсайынов және Қызылорда облысынан Төре Балтабаев марапатталды.

Ауыл мектептерінің оқушылары арасындағы республикалық олимпиаданың жеңімпаздары анықталды

Мен 6-сыныпта оқимын, бірақ олимпиадаға 9-сынып бағдарламасы бойынша қатысамын. Біздің елде білім алып, ғылыммен айналысуға көптеген мүмкіндіктер бар екенін мақтан тұтамын. Мемлекетіміз талантты балаларды қолдауға ерекше көңіл бөледі. Біз үшін олимпиадалар, байқаулар ұйымдастырылады, ал үздіктер халықаралық жарыстарға жіберіледі. Мен де олимпиадалық резервтің бір бөлігі болуды, білімімді жетілдіріп, бір күні елім үшін алтын медаль ұтып алуды армандаймын!, – деп бөлісті Төре Балтабаев.

Олимпиадада барлығы 221 медаль сарапқа салынды: 117 қола, 62 күміс және 42 алтын медаль.

Ауыл мектептерінің оқушылары арасындағы республикалық олимпиаданың жеңімпаздары анықталды

Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық олимпиада 13 пән бойынша жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттарда үш кезеңде өтеді. Мектеп кезеңіне 99 264 оқушы қатысып, олардың 53 593-і аудандық кезеңге өтті. Облыстық кезеңде 12 000 оқушы бақ сынады, ал финалға 1000-ға жуық оқушы шықты. Соның ішінде 486 оқушы жаратылыстану-математикалық бағыттағы олимпиадаға қатысты, ал 450 оқушы қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша олимпиадаға қатысады. Бұл олимпиада 10-14 желтоқсан аралығында Астана қаласында өтеді.

"Үздік олимпиадалық команда" номинациясы бойынша I дәрежелі дипломдар Қызылорда, Түркістан және Маңғыстау облыстарының құрама командаларына табысталды.

Ауыл мектептерінің оқушылары арасындағы республикалық олимпиаданың жеңімпаздары анықталды

Жеңімпаздарға еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының 8 ректорлық гранты табысталды: 6 грант – SDU-дан, 2 грант – Халықаралық Қожа Ахмет Ясауи университетінен. Сондай-ақ, математика, физика және информатика пәндері бойынша I дәрежелі диплом иегерлері – 9-10 сынып оқушыларына Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінде 2025-2026 оқу жылында білім алуға грант берілді.

Айта кетейік, олимпиаданың қорытынды кезеңіне қатысқан барлық оқушылар "Дарын" республикалық сырттай мектебіне қабылданады. Сонымен қатар, I дәрежелі диплом иегерлері 2025 жылғы наурыз айында өтетін жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың соңғы кезеңіне қатысады.

Өзгелердің жаңалығы