Ауыл медицинасы жаңғырады

16 Ақпан 2023, 17:15
1513
Бөлісу:
Ауыл медицинасы жаңғырады
Фото: автордан

Алдағы екі жылда ауыл халқын медициналық қызметпен қамтуға баса назар аударылады. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде елді мекендерде 655 жаңа нысан іске қосылады, деп хабарлайды BAQ.KZ Павлодардағы тілшісі.

Бұл туралы Ертіс өңірінде жұмыс сапарымен болған Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты. Министр алдымен Екібастұз қаласының ауылдық аймағының Байет және Ақсу қаласындағы медициналық ұйымдардың жұмысымен танысты. 

Бүгінде Байет ауылында 800-ден астам адам тұрады. Демографиялық жағдай жыл сайын жақсарып келеді. сондықтан, жаңа медициналық нысанға сұраныс бар. Ажар Ғинияттың айтуынша, ұлттық жоба аясында байеттіктер сапалы қызметке қол жеткізеді. 

Бұл тек медициналық пункт болмайды. Оның іші де жаңа болу керек. Халыққа сапалы қызмет көрсету қажет.  Жаңа ғимараттың ішінде дәріхана да болады. Мамандар орталық ауруханадан қажетті дәрі-дәрмекті әкеліп отырады. Осылайша, тегін медициналық дәрілерден бөлек өзге де құралдар қолжетімді болады, - дейді министр.

Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасына Ертіс өңірінің бірқатар ауылы да ілікті. Жаңа нысандар Ақтоғай, Май, Аққулы, Шарбақты және Железин аудандарының шалғай елді мекендерінде бой көтереді. Барлығы – 12 пункт. 

Сала мамандарының айтуынша, ауыл мен қала медицинасында айырмашылық көп. Өткен жылы ел бойынша жүрген жылжымалы медициналық кешендер екі мыңға жуық ауыл азаматына көмек көрсеткен. Ал Павлодар облысында 14 мыңнан астам ауылдық медициналық тексеруден өткен. Нәтижесінде 685-ке жуық адам динамикалық бақылауға алынды. Жоғары қан қысымы, қант диабеті, бүйрек патологиясы белгілері анықталды.

Пандемия кезінде ауыл халқы медициналық көмекті дұрыс ала алмады. Сондықтан, халықты профилактикалық тексеруден өткізуге басымдық бердік. Скринигтер емес, барлық профилактикалық тексерудегі медициналық қызметтің тізімін ұлғайттық. Ауыл адамдары шалдығатын ауруларға сараптама жүргізіп, дертті алдын алу бойынша көптеген жұмыстар басталды, - дейді Ажар Ғиният.

Ауыл халқын дәрі-дәрмекпен қамтуға да назар аударылды. Елімізде медициналық ұйымдардың базасында қосымша 72 дәріхана пункті және ауылда 161 жеке дәріхана ашылды. Ад Ертіс өңірінде 25 дәріхана пайда болды. 

Алтын сағат» қағидатын сақтай отырып, инфаркт, инсульт, жарақат және басқа да жағдайлар кезінде шұғыл медициналық көмек көрсете алатын, сондай-ақ ірі қалаларға барудың қажеттілігінсіз, оның ішінде телемедицина және басқа да мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек көрсете алатын 11 ауданаралық аудандық орталық ауруханаға күрделі жөндеу және реконструкция жүргізу қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, ұлттық жобада аудандық мекемелерді 575 заманауи медициналық жабдықпен жабдықтау көзделген, - дейді министр. 

Бұл шаралардың арқасында биыл мамандандандырылған медициналық көмекке қосымша 2,4 млн. ауыл тұрғыны қол жеткізеді. 

Өзгелердің жаңалығы