Ауыл медицинасы: ШҚО-да 18 нысан салынды

Бүгiн, 05:17
121
Бөлісу:
Ауыл медицинасы: ШҚО-да 18 нысан салынды

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Шығыс Қазақстан облысында ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жоба ауылдық аймақтардың медициналық инфрақұрылымын дамытуға және халықтың медициналық қызметтерге қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Жоспар бойынша жалпы құны 8 млрд теңгені құрайтын 36 медициналық нысанның құрылысы салынбақ.

Бұл нысандар 25 мыңнан астам ауыл тұрғынын сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз етеді. Жоба шеңберінде 7 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік пункт және 27 медициналық пункт салу көзделген.

Биыл осы нысандардың 18-і пайдалануға берілді. Тарбағатай ауданында 6, Шемонаиха ауданында 1, Күршім ауданында 3, Марқакөл ауданында 2, Ұлан ауданында 5 медициналық пункт және Глубокое ауданында 1 дәрігерлік амбулатория салынды. Қалған 18 нысанның құрылысы жалғасуда. Биыл Тарбағатай ауданында 3, Алтай ауданында 1 медициналық пунктің құрылысы аяқталды. Жыл соңына дейін Алтай ауданында 2, Глубокое ауданында 3 дәрігерлік амбулатория, 1 фельдшерлік-акушерлік пункт және 1 медициналық пункт, Зайсан ауданында 2 медициналық пункт пен 1 фельдшерлік-акушерлік пункт, сондай-ақ Катонқарағай, Ұлан және Үлкен Нарын аудандарында бір-бір медициналық пунктен пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Шемонаиха ауданының Волчанка ауылындағы дәрігерлік амбулатория құрылысы келер жылы аяқталады.

Жаңадан салынған медициналық нысандардың маңызы ерекше. Бұл нысандардың ашылуы шұғыл медициналық көмектің уақытылы көрсетілуін қамтамасыз етіп, «Алтын сағат» қағидатын сақтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жоба шекара маңындағы ауылдарды да қамтып отыр, бұл – ауылдық инфрақұрылымды жақсарту бағытындағы үлкен қадам. Мысалы, Марқакөл ауданының Ақжайлау және Ұранқай, Тарбағатай ауданының Жаңаталап және Ахметбұлақ, Шемонаиха ауданының Волчанка және Межовка ауылдарына медициналық нысандар салынды.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы тек медициналық қызметтерді жақсартумен шектелмейді. Ол ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін арттырып, денсаулық сақтау саласындағы жүйелі өзгерістерге жол ашады.

Өзгелердің жаңалығы