Ауыл кооперативтерін дамытудың тетіктері талқыланды

20 Қазан 2020, 15:50
1353
Бөлісу:
Ауыл кооперативтерін дамытудың тетіктері талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының ұйымдастыруымен «Кооперацияны дамыту: өзекті мәселелер мен мүмкіндіктер» тақырыбында фермерлер мен қосымша шағын шаруашылықтарға арналған онлайн кеңес өтті. 

Қазіргі күні ауылдарда шамамен 8 млн адам немесе ел халқының 43%-і тұрады. Сондықтан ауыл шаруашылығы бұл жай ғана экономика саласы емес, ол әлеуметтік-экономикалық сала, өмір салты. Оның өзегі шаруаларға жақсы табыс табуға және ауылдағы өмірін жақсартуға мүмкіндік беретін күшті кооперативтер болуы керек.

Ауыл кооперативтерін дамытудың тетіктері талқыланды

Отандық агроөнеркәсіптік кешен – бұл шамамен 17 мың заңды тұлға, 200 мыңнан астам шаруа қожалықтары және 1,7 млн жеке қосалқы шаруашылық. Соңғылары барлық өнімнің жартысынан көбін өндіреді: мал шаруашылығында – 72%, көкөніс шаруашылығында – 90%, сүт өндірісінде – 80%. Осыған қарамастан, көптеген жылдар бойы жеке шаруашылықтар мемлекеттік қолдаудан тыс қалып келеді.

Онлайн конференцияда «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Төлеутай Рахымбеков фермерлер мен жеке шаруа қожалықтарына кооперацияны құру, дамыту және артықшылығы туралы кеңес беріп, сұрақтарына жауап берді.

Қосалқы шаруашылықтар әрқашан проблемалы болып саналып келеді, ал ауыл шаруашылығының дамуына жаңа серпін беру үшін оларды артықшылыққа айналдыруға тырысып жүрміз. Егер «Агробизнес-2020» бағдарламасы ірі бизнеске бағытталған болса, енді біз шағын ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау жолдарын қарастырудамыз, - деді ол.

Төраға орынбасары онлайн конференцияға қатысушыларға бүгінгі күнде кооперация құру халықаралық тәжірибе екендігін айта келіп, дамыған елдерде ауыл шаруашылығы осы кооперация арқылы дамып отырғаның жеткізіп, Израиль, Жапония елдерінің мысалын келтірді.

Кооперацияның басты міндеті ауылшаруашылық өнімін өндірушілерге көмек көрсету. Ол қандай көмек? Мысалы, ауылдағы шағын қожалықтар, жеке кәсіпкерлер, ЖШС-тер ет, сүт, жұмыртқа, көкеніс тағы басқа өнім түрлерін өндіреді, бірақ өткізу жолдары тұрақты емес. Осы жерде кооперация көмекке келуі тиіс. Яғни, қожалық өнім өндірумен айналысады, оны өткізумен кооперация айналысады, - деді Төлеутай Рахымбеков.

Кооперациялардың дамуы ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, ал қала тұрғындарының экологиялық таза өнім тұтынуларына мүмкіндік жасайды. Келесі қадам-бүгінде бизнеске айналған малға қыстық азық дайындау. Бір тонна шөптің өзіндік құны – 7-8 мың теңге, шабындық барысында ол 20 мың, күзде – 30 мың, қыста – 40 мың теңге, ал қыс қатты жылдары 50 мың теңгеге дейін жетеді. Шаруалар шөп үшін өздерінің аз пайдасын беруге мәжбүр.

Әр шаруа қожалық өзінің малына, техникасына, қаржысына өзі меншік иесі болып қала береді. Тек өнім өткізуде, жем-шөп дайындауда немесе сатып алуда, жанар-жағармай сатып алуда кооперация көмегіне жүгіне алады. Мысалы, жанар-жағармайды әр қожалық 1-2 тонналап жеке-жеке бөлшектік бағамен сатып алғаннан көрі, бәрі бір кооперацияға бірігіп көтерме бағамен сатып алған арзан және пайдалы болады. Сол сияқты тұқымды, пестицидтерді, шағын техникаларды тағы басқа өндіріске керек заттарды алуға септігін тигізеді, - деп атап өтті спикер.

Қазіргі күні шағын шаруашылықтарға банктерден кредит алу мүмкін емес, кредит алу үшін лайықты кепілзаттың болуы тиіс. Алған күнде де пайыздық өсімі жоғары. Осы жерде де шағын шаруаларға көмекке кооперация қол ұшын соза алады. Мысалы, кооперация құрамындағы үлкен шаруалар артылған қаржысын кооперацияға пайыздық өсіммен береді, ал кооперацияның шағын шаруаларға төмен пайызпен кредит беру мүмкіндігі туады.



Өзгелердің жаңалығы