Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған ауылдарды дамытуға бағытталған шаралардың іске асырылу барысы туралы айтты.
Өңірлердің дамуы елдің экономикалық жағдайын жақсартудың маңызды бағыттарының бірі. "Ауыл – ел бесігі" жобасы шеңберінде іріктелген 3,5 мың ауылды қайта жаңғыртуға 7 жыл ішінде 900 млрд теңге бөлінеді. Бұл ауылдарда 7 млн адам немесе ауыл тұрғындарының 85% өмір сүреді. Бұл шаралар ауылдардың жолдар, мектептер, ауруханалар, спорт алаңдары, жарықтандыру, инженерлік желілер, абаттандыру секілді инфрақұрылымдық мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Биыл алғашқы нәтижелері шықты. 53 тірек ауылдар қайта жаңғырылды, 30 млрд теңгеге 452 іс-шара іске асырылды, - деді ҰЭМ басшысы.
Министр "Дипломмен ауылға" жобасын жүзеге асыруға жыл сайын бөлінетін 20 млрд теңге 5 мыңнан астам маманға тұрғын үйге жеңілдетілген бюджеттік несие алуға мүмкіндік беретінін айтты. Биыл 3908 маманға тұрғын үйге бюджеттік несие беру үшін 15 млрд теңге бөлінген.
Жалпы, он жылда "Дипломмен ауылға" жобасы аясында 67 мыңнан астам маман 8,8 млрд теңге сомасында көтерме жәрдемақы, ал 31 мыңнан астам маман 85,3 млрд теңге сомасында тұрғын үйге бюджеттік кредит алды.