«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша жаңа мәдениет үйлері бой көтереді

17 Сәуір 2023, 16:23
1367
Бөлісу:
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша жаңа мәдениет үйлері бой көтереді
Фото: qazaqstan.tv

Биыл Ертіс өңірінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша екі мәдениет үйі салынып, тоғыз ошақ күрделі жөндеуден өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Медет Тауасқанның айтуынша, Екібастұз ауылдық аймағына қарасты Байет елді мекенінде мәдениет үйінің құрылысы басталады.

Бүгінгі күнге дейін нысан құрылысы бойынша мердігер ұйыммен келісім жасалды. Байет ауылындағы бірқабатты ғимарат төрт ай ішінде салынады. Мәдениет үйінің ішінде 150 орындық көрермен залы, оқырман, би залдары болады. Жарық, техникалық қызметкерлерге арналған бөлмелер де қарастырылған. Аумағы да абаттандырылады. Биыл Тереңкөл ауданының Қызылтаң ауылында да мәдениет үйі бой көтермек. Құрылыс жұмыстары сәуір айында басталады. Мердігер ұйым құрылыс материалдарын жеткізіп жатыр. Жалпы, жоба құны 168 млн теңге, - дейді басқарма басшысы Медет Тауасқан.

Бағдарлама бойынша облыс бойынша тоғыз ауылдық мәдениет үйіне күрделі жөндеу басталады. Сонымен қатар, Екібастұз қалалық орталықтандырылған кітапханасы жүйесінің ішкі ғимараты мен инженерлік инфрақұрылымын тарту жоспарланған. Облыс бойынша кітапханалар жанынан 73 коммуникациялық орталық жұмыс істейді. Биыл олардың саны артады. Басты мақсат – ауыл тұрғындары үшін мәдениет нысандарының қолжетімділігін арттыру.

Айта кетейік, өңірде 2027 жылға дейін тағы жеті мәдениет үйін салу жоспарда бар.

Өзгелердің жаңалығы