Ауыл-аймақтардағы тұрғын үй мәселесіне көп көңіл бөлінді

Кеше, 15:49
314
Бөлісу:
Ауыл-аймақтардағы тұрғын үй мәселесіне көп көңіл бөлінді
Фото: BAQ.KZ - архив

"Отау" және "Наурыз" бағдарламаларының арқасында 10 000 қазақстандық жаңа жылды өз пәтерлерінде қарсы алады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

2024 жылы Отбасы банкінің екі бірдей бағдарламасы - "Отау" мен "Наурыз" қазақстандықтарға тұрғын үй мәселесін шешуге көмектесті.

Аталмыш бағдарламаларға сұраныс жоғары болды. Барлығы 68 700 өтінім қабылданды. Қатысушылардың қалыптасқан пулынан бүгінгі таңда 10 000 қазақстандық "Отау" және "Наурыз" бағдарламалары бойынша қоныс тойын атап өтті.

Қыркүйек айында клиенттердің тәжірибесін зерделеп, азаматтардың тілектерін тыңдап, банкте "Отау" және "Наурыз" бағдарламаларының шарттары біріздендірілді. Енді 2 бағдарламаның шарттары бірдей:

- бастапқы жарна - 20% бастап;

- тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін кредит бойынша мөлшерлеме - 7% (ЖТСМ 7,3%-дан 8,9%-ға дейін);

- азаматтардың барлық санаттары үшін кредит бойынша мөлшерлеме - 9% (ЖТСМ 9,3%-дан 11,8%-ға дейін);

Жобаларды қаржыландырудың жалпы көлемі 450 млрд теңгені құрайды.

Биыл барлығы 69 981 заем бердік. Дәл осынша рет біздің азаматтарымыз "Қоныс той құтты болсын!" деген сөз естіді. Күн сайын Отбасы банкінің қолжетімді заемдарын 280 клиент алады. Біз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша іске қосқан "Наурыз" бағдарламасы биылғы жылы көптеген азаматтарға тұрғын үй мәселесін шешуге, ертеңгі күнге деген сенімділікті сезінуге мүмкіндік берді. Келесі жылы "Наурыз" бағдарламасы жалғасады. Оның басталуы "Наурыз" мерекесінің қарсаңына жоспарланған. 2025 жылдың маңызды оқиғасы – біз Ұлттық даму институты боламыз. Бұл баспана кезегінде тұрған азаматтарға тұрғын үйлерді бөлу ашық әрі әділ болады дегенді білдіреді. Жаңа жылда қазақстандықтарға қоныс тойларының көп болуын тілеймін, олардың жылы және жайлы жекеменшік үйлері туралы армандары орындалсын, - деді Отбасы банкінің Басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.

Сондай-ақ биылғы жылы Отбасы банк ауыл-аймақтарға көптеп көңіл бөлді. Маусым айында "Асыл мекен" пилоттық жобасы басталды. Жоба аясында ауылдық елдімекендерден тұрғын үй сатып алуға, сондай-ақ жер учаскесін сатып алуды қоса алғанда, жеке тұрғын үй салуға заем алуға болады. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін Отбасы банк өз қаражаты есебінен 2 млрд теңге бөлді. Соның нәтижесінде 206 ауыл тұрғыны қоныс тойын атап өтті.

Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде тұрғын үй кезегінде тұрған 7 860 адам баспаналы болды. Олардың барлығы 2% (ЖТСМ 2,0%-дан 2,1%-ға дейін) және 5% (ЖТСМ 5,2%-дан 5,8%-ға дейін) мөлшерлемелері бойынша жеңілдетілген заемдар алды. Қаржыландыру сомасы 94,5 млрд теңгені құрады. Бұл ретте аз қамтылған отбасылар 42,4 млрд теңге сомасына 3 356 жеңілдікті несие алды.

Өзгелердің жаңалығы