Қазақстанның соңғы жаңалықтары

"Ауыл аманаты" ауыл стоматологиясына тың серпін берді

12 Тамыз 2025, 13:55
562
Бөлісу:
 кейіпкердің жеке мұрағатынан
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Қазақстандағы ауылдық елдімекендерде шамамен 7,6 млн адам немесе елдегі халықтың 38%-ы тұрады. Табыстың артуы мен жұмыс орындарының құрылуы бұрыннан бері мемлекеттік саясаттың басымдылығы болып саналады. Президенттің тапсырмасы бойынша 2023 жылы іске қосылған "Ауыл аманаты" бағдарламасы осы бағыттағы негізгі құралдардың біріне айналды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жоба "Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" ұлттық жобасына енеді және ауылдық елді мекендер мен шағын қала тұрғындарын жеңілдікпен кредиттеу арқылы қолдауға бағытталған. Несие 2,5% жылдық мөлшерлемемен беріледі, өтеу мерзімі – 5 жылға дейін (мал шаруашылығ үшін – 7 жылға дейін). Ең көп берілетін сома – 2,5 мың АЕК-ке дейін, ал кооперативтерге – 8 мың АЕК-ке дейін беруге рұқсат.

2025 жылы жаңа шағын несие мен 8 мыңнан астам жұмыс орнын құру үшін 50 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған. Бағдарлама өз нәтижесін берді: 2023-2024 жылдары 16,2 мыңнан астам несие берілді. Сондай-ақ 17,8 мың жұмыс орны құрылды. Ал өңірлерде 540-тан астам ауыл шаруашылық кооперативтері пайда болды.

"Ауыл аманатының" мүмкіндіктерін пайдаланғандардың бірі – Атырау облысы Құрманғазы ауылында тұратын стоматолог Серік Сужиков. Оның SSS/Stom клиникасы аудандағы ғана емес, көрші өңірлердегі, тіпті көрші мемлекет – Ресейден келетін пациенттерге де қызмет көрсетеді.

"Ауыл аманаты" ауыл стоматологиясына тың серпін берді
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Ескі құрылғылардың тозығы жетті, жиі сынып қалатын және жөндеуді қажет ететін. Жылдық мөлшерлемесі 2,5%-ды құраған 6 миллион теңге несиенің арқасында біз креслосы, аспашамы мен пациент үшін жақсартылған жайлылық жүйесі бар үш заманауи стоматологиялық жабдық сатып алдық. Жұмыс тұрақтана бастады, тиімділік те артты, ал жөндеу жұмысына кететін шығындар қысқарды, - дейді кәсіпкер.

Айтуынша, несиені алу процедурасы қарапайым да жеңіл. "Атамекен" ҰКП құжаттарды дайындауға көмектесіп, бизнес бойынша оқытудан өткізген.

Қазіргі таңда тіс дәрігері ашқан клиникада үш дәрігер, төрт медбике мен екі санитарлық жұмысшы жұмыспен қамтылып отыр. Пациенттердің қарасы да көп – күніне 40-қа дейін адам тісін емдетуге келеді. Олардың қатарында көрші ауылдан, Атырау, Қызылорда мен Астраханьнан келгендердің саны көп. Сондай-ақ адамдар облыс орталығына барып уақыт жоғалтпас үшін күрделі операцияларды да емхана қабырғасында жасайды.

"Ауыл аманаты" ауыл стоматологиясына тың серпін берді
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Алайда ауылдағы стоматологияда проблема да жоқ емес. Соның ең бастысы – білікті кадрлардың жеткіліксіздігі.

Жас мамандарға баспана ұсыну қажет. Жұмыс бар, пациенттер де жетеді, бірақ баспанасыз дәрігерлерді ауылға тарту қиын, - деп ағынан жарылды Сужиков.

Дәрігердің алдағы жоспарында – екінші емхана ашып, "Ауыл аманатының" мүмкіндіктерін тағы да пайдалану бар.

Серік Сужиковтің табысқа жетудегі оқиғасы жеңілдікпен несие ұсыну тек материалдық базаны жаңартып қана қоймай, ең шалғайдағы ауылдық елді мекендердің тұрғындары үшін де сапалы медициналық қызметтің қолжетімді болуын қамтамасыз етуге болатынын тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.

Өзгелердің жаңалығы